Қостанайдағы алапат өрт: Қару-жарақ дүкенінің директоры ауруханаға түсті
Қостанайда өрт шыққан қару-жарақ дүкенінің директоры ауыр халде ауруханада жатыр. Оның денесінің 50 пайызын күйік шалған. Бұған дейін жертөледе қамалып қалғаны айтылған қызметкерлердің жағдайы әзірге белгісіз, — деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.
Қостанайда өрттің аумағы ұлғайды. Оның аумағы екі мың шаршы метрден асып кеткен. Қазір өрт сөндірушілер ғимаратта басқа адамның бар-жоғын тексеріп жатыр.
«Қазіргі уақытта өрттің аумағы 2500 шаршы метр болды. Қару-жарақ қоймасында зардап шеккендердің бар-жоғын барлау үшін жеке құрам сауыттармен және қалқандармен жабдықталған», — деп мәлімдеді Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіні.
Өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Жағдайды аптап пен қатты жел қиындатып отыр. Сондай-ақ өрт тұтану ошағына жақын орналасқан 8 жеке үйді шарпыған.
Еске салайық, бұған дейін Қостанайдағы «Оружейная палата» дүкенінде өрт болып жатыр деген хабарламалар тараған.