Қостанайда жоғалған қыздың өлімі туралы сұмдық жайттар белгілі болды — новости Казахстана
Қостанай облысында 7 қараша күні жоғалып кеткен 20 жастағы Екатерина Пудвиль 11 қараша күні өзен маңынан өлі табылған. Ал марқұммен жанұясы 17 қараша күні қоштасты. Бойжеткенді той көйлегімен жерлерген туыстары бұл жағдайды бастан өткерудің қиын екенін айтты. Бұл туралы Alau.kz сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 7 қараша күні жоғалған Екатерина Пудвиль екі құрбысымен бірге пәтерлердің бірінде ішімдік ішіпті.
Сағат 23:30 шамасында қыздардың бірі танысы, Денисов ауданы полиция бөлімшесінің полициясына хабарласады. Артынша барлығы соның жалға алынған пәтеріне кетеді.
Түнгі 1 шамасында жәбірленуші өзін нашар сезініп, мас күйінде үйге қайтпақ болған. Алайда құрбылары оны жібермей, таңертең кеткені дұрыс екенін айтады.
«Артынша марқұм қыздардан дәлізде таза ауа жұтып отыру үшін күртешесін алып беруді, аяқ киім кигізіп көмектесулерін сұрайды. Мас бойжеткен үшін қорыққан достары оған көмектесуден бас тартқан.
Осылайша, ару тысқа аяқ киімсіз шығып кетеді. Қыздың кетіп қалғанын көрген қыздар мен жігіт оны іздей бастайды. Олар ауыл орталығын, «Центральный» дүкен аймағын, сондай-ақ, бірнеше көшені аралап шыққан.
Қыз ұялы телефонға жауап бермеген соң достары да іздеуді тоқтатыпты. Тергеу жұмыстары таныстардың арасында ешқандай ұрыс болмағанын айтты», — деді полицияда.
Ал марқұмның жақындары бұл жағдайға әлі сенер емес. Олар Катяның жай ғана кетіп қалып, көз жұмуы мүмкін емес дейді. Туыстары бұл істе шикілік өте көп екенін айтады.
Туған-туыстарына берген өлім туралы медициналық куәлікте 20 жастағы Екатерина Пудвиль өлімінің себебі ағзаның тоңазуы деп жазылған.
«Біз әлі таңғалып отырмыз. Сұрақ көп. Алғашында сол түні Катяның қасында болған қыздар басқа нәрсе айтты. Ал полицияда мүлде басқаша баяндап берді. Түсініксіз.
Катяны киімсіз тапқан деп жатыр. Бұл өтірік, ол тек аяқ киімсіз, шұлықпен болған. Ал сіңлімді тапқан жер ашық алаң, ол жерді көрмей қалу мүмкін емес. Бір апта сонда жатқанда ешкім көрмеген бе?
Иттермен де іздеді ғой. Ол сол жерге қалай барғаны да белгісіз. Ағаш сынықтары көп болса да, Катяның киімі бүтін. Сол түні қасында болған адамдардың да түсініктемелері әр түрлі», — деді марқұмның әпкесі Татьяна Потапенко.