Қостанайда жаттықтырушыны еске алуға арналған дәстүрлі турнир өтті
Турнир облыстық деп аталса да оған балуандар еліміздің облыстарынан, облыс аудандары мен қалаларынан және Ресей мен Қырғызстаннан да келіп қатысты. Владимир Петрович өмірінің соңына дейін грек-рим күресінен облыстағы бас жаттықтырушы болды. Оның алдынан жүздеген спортшы шәкірттер шынығып шықты. Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Вильямстің айтуынша, уақытында грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының жартысынан көбі Қостанай грек-рим күресі мектебінің түлектері болатын.
Жаттықтырушы ұстазды еске алу үшін оның спортта үлкен жетістіктерге жеткен достары мен шәкірттері келді. Олардың арасында Атланта олимпиадасының чемпионы Юрий Мельниченко, Әлем кубогінің 4 мәрте иегері, Еуропа чемпионы Бисолт Дециев, Азия және Әлем чемпионы Бақтияр Бәйсейітов және тағы басқалар бар.
Владимир Петрович грек-рим күресінен 45 КСРО спорт шеберін, 3 халықаралық спорт шеберін, бір ҚР еңбек сіңірген спорт шеберін тәрбиелеген еді. Олардың арасында өзінің Сергей және Валерий атты екі ұлы да бар. Сергей – ҚР еңбек сіңіргенг спорт шебері болса, Валерий халықаралық спор шебері атанды.
«Владимир Петрович олимпиадалық биікті мақсат тұтқан жаттықтырушы болды.Оның өмірі спортшыларға және жалпы жастарға үлгі-өнеге» деді облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев.
Турнирде балуандар 10 салмақ дәрежесінде белдесті. Соның ішінде 4 салмақта қостанайлық балуандар бірінші орынды жеңіп алды.
Нәзира Жәрімбет,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай