Қостанайда жастардың аймақтық форумы өтті

0
102

Форум алдында «Zhas Project» жобасына қатысқандардың көрмесі ұйымдастырылды. Онда осы жобаға қатысушылардың жұмыстары көрінді. Түрлі салада жастар қолынан іс келетінін көрсете біліпті. Жобаға қатысып алған бір миллион теңгеге іс басталған.

«Осы істеріңді тоқтатпауға, әрі қарай дамытуға шақырамын. Бизнесті дамытуға экономиканың түрлі саласында мемлекеттік бағдарламалар бар. Елбасы айтқандай, уақыт бір орнында тұрған жоқ, соншалықты жылдамдықпен қоғам дамып, өмір өзгеріп барады. Тек кәсіпкерлер ғана емес, алға ұмтылған барлық адамдар уақыт ырғағына ілесе білуі тиіс. Жастар жылы әркім өз әлеуетін көрсету, игілікті істерін жүзеге асыру үшін оларға барлық қамқорлық, қолдау жасалады. Соны уақытылы, ұтымды пайдалана білулеріңіз керек. Білім алуға, баспаналы болуға, отбасын құруға, жұмыс табуға ұмтылған жасқа мүмкіндіктің барлығы қарастырылған» деді жастардың аймақтық форумына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев.

Лисаков қаласында тұратын Айғаныс Өнербекова «Zhas Project» жобасының гранты арқылы «Өнер» студиясын құрып, бір үйдегі ағасын, өзін, інісін, сіңілісін жұмыспен қамтыды. Олар қалалықтарды отбасылық мерекелірнде кәсіби суретке, бейнетаспаға түсіріп, тойға дайындап қызмет көрсетеді. Айғаныс осы бизнес түрін алдағы уақытта кеңейте түсетінін айтты. Жобаға қатысқан әр жастың ісі қызы әрі жұртшылыққа керек қызмет түрі дер едік. Бір Меңдіғара ауданының өзінде 11 жоба жүзеге асып, 34 жас жұмыспен қамтамасыз етілген, ал Қамысты ауданында 10 жоба жүзеге асқан. Алты айдың ішінде оларға 124 миллион теңге грант берілген. Қазір облыста осы жобаны жастарға түсіндіру, ойындағы бастамасын қалай іске асырудың жолдары жөнінде тәлімгерлік оқыту жұмыстары жүргізіледі. Облыста 20 тәлімгер іріктеліп алынды, олардың арасында оқытушылар, үкіметтік емес ұйымдарда тәжірибесі мол адамдар, бизнес өкілдері бар.

«Біздің мақсатымыз жастарға өзінің болашағына сенімділік қалыптастыру, ойларын жүзеге асыруына тәжірибе беру болып табылады. Форумға қуатты инвесторларды және жастар кәсіпкерлігін қолдайтын мемлекеттік органдар өкілдерін шақырдық. Әрбір жас өзінің ойындағы мақсатын ертеңге қадырмай, дер уақытында жүзеге асыруға талаптануы қажет. Жастар жылы оған мүмкіндік береді, соны түсініп, белсенділік танытуы қажет» дейді «Zhas Project» жобасының аймақтық үйлестірушісі Ерлан Төлетаев.

Форумға Астана қалалық жастарды дамыту корпусы жобасының гранттар бойынша үйлестіру агенттігінің маманы Инара Кәрібаева қатысып, облыстағы жақсы іске куә болғанын айтты және жастарға табыс тіледі.

Нәзира Жәрімбет,

«Egemen Qazaqstan»

Қостанай 

Дереккөз: http://egemen.kz/