Қостанайда «Қазпоштаның» цифрландырылған кеңсесі ашылды

0

«Қазпошта» «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына белсенді атсалысып отыр. Бізде, әдетте, мұндай бөлімдерде 20 оператор қызмет көрсетуі тиіс еді. Ал мына заманауи цифрлы кеңседе бар болғаны 2 кеңесші ғана болады. Алдағы уақытта адамдар жабдықтарды, компьютерлерді өздері пайдаланып үйренгенде мұндай кеңселерде ешқандай қызметкер отырмайды, барлық кеңесті робот береді және адамдар өзіне өзі қызмет етеді» деді Сәкен Сәрсенов.

Цифрлық кеңседе агенттік және қаржылық қызметтердің барлығы көрсетіледі. Егер адам банктен өзінің атына карта алатын болса, ол бір аптаның ішінде дайын болатын. Ал «Қазпоштаның» заманауи кеңсесінен ондай картаны бес минутта ала алады. Сонымен қатар өзінде төлем картасы болмай қалған жағдайда екі минутта саусақ таңбасы арқылы оны алып, ақшасын шешуіне болады. Мұндай цифрлы 5 кеңсе еліміздің төрт қаласында қызметін бастады. Міне, Қостанайда алтыншы кеңсе ашылды.

Сәкен Сәрсенов Архимед Мұхамбетовке цифрлы кеңсенің ерекшеліктерін көрсетіп таныстырды. Роботты іске қосты, басқа да жылдам қызмет ететін жабдықтарды көрсетті. Қазақстанда пошта қызметінің жаңа форматқа көшкенін айтты. Жаңа офисте пошта қызметі көрсетілумен қатар, ол сәлемдемелер супермаркеті болып табылады. Сәкен Сәрсеновтың айтуынша, Қостанайға күн сайын 3,5 мың сәлемдеме келеді. Өткен жылы бұл 1,5 мың болатын.

«Мұның барлығы Елбасы саясатының арқасында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында мүмкін болып отыр. Цифрландыру қазір өмірдің барлық саласында жедел енгізіліп жатыр. Міне, «Қазпошта» қызметінде оның қаншалықты жылдамдығын көрдік. Мұның халыққа игілігі көп. Сіздерге барлық қостанайлықтар атынан рахмет айтамын» деді Архимед Бегежанұлы.

Әмбебап цифрлы пошта кеңсесі күніне 700 адамға қызмет көрсете алады.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай