Қостанайда қасқырмен арпалысқан әйел көз жұмды – оқиғаның мән-жайы

0

Сот-медициналық сараптама кезінде өлімнің нақты себебі анықталады

Меңдіқара ауданында қасқырға таланған әйел қайтыс болды, деп хабарлады «Костанайские новости» басылымы.

Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасы 50 жастағы әйелдің көз жұмғанын растады.

«Иә, қасқырға таланған әйел қайтыс болды. Ол Меңдіқара аудандық ауруханасынде емделген», – деді басқарманың баспасөз хатшысы Ксения Жылқыбаева.
Қазіргі кезде сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сол кезде өлімнің нақты себебі анықталады.

Айта кетейік, маусым айында Ұзынағаш ауылына кірген қасқыр 19 жастағы жігіт пен 50 жастағы әйелге тап берген. Әйел айыр алып, жыртқышпен арпалысты. Дегенмен, жарақат алып, ауруханаға түсті.

Содан жергілікті тұрғындар мылтығы бар жалғыз адам — Жақсылық Сәдуақасовқа өтініш айтып, қасқырдың көзін жоюды сұрапты.

«Қасқырды ауыл болып, бірнеше мәшинемен қудық қой. Ақыры Жақсылық оны атып түсірді», — дейді ауыл тұрғыны Жеңіс Силханов.

Ауыл тұрғындары жыртқышта құтырудың бар-жоғын тексеру үшін өлексесін аудан орталығына да апарған.

 

sputnik.kz