Қостанайда мемлекетке 290 мың гектар жер телімі қайтарылды
Тексеру негізінен ауыл шаруашылық маңызы бар жерлер мен коммерциялық нысандар құрылысының салынбауына қатысты жүргізілген. Елді мекендердегі жер телімдерін өз бетінше иемденіп, оның аумағын қоршап алу фактілері жоқ емес. Мұндай фактілер жиі кездеседі. Мысалы, Қарасу ауданындағы шаруа қожалықтары басшыларының 3,1 мың шаршы метр жерді заңсыз иемденуіне қатысты 4 мәлімет анықталды. Оларға тиісті жаза қолданылып, 600 мың теңге айыппұл салынды.
Өткен жылы басқарма ауыл шаруашылық маңызы бар 504,7 мың гектар аумақтың 76 мың гектардан астамындағы орын алған заң бұзушылықты анықтады. Мәселен, жайылым жер болып, онда жайылатын мал болмаса, бұл заңға қайшы деген сөз. Бұл талаптарды сақтамағандардың жерін сот арқылы мәжбүрлі түрде қайтарып алу көзделген. Былтыр ауыл шаруашылығы мақсатындағы 456 мың гектар аумаққа қатысты 28 наразы хат жолданған болса, мемлекет меншігіне 290 мың гектарға жуық жер телімі қайтарылды. 130 га алқапқа қатысты құжаттар сот қарауында жатыр.
«Биыл ауыл шаруашылық бағытындағы 10,7 мың гектар болатын 11 учаскені сот арқылы қайтарып алу жоспарланып отыр» деді басқарма басшысы Нұрлан Әбдуов.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов кейбір аудандардағы жер пайдалану мен қорғалуын бақылау бөлімдерінде мамандар жетіспейтінін, бұл мәселені шешу қажеттігін де айтты. Ең бастысы жер бос жатпауы тиіс.
«Пайдаланылмаған жер деген болмау керек. Оны қайтару үшін ескерту, қаншама хаттар, сотқа берудің ұзаққа созылатын процесс екенін түсінеміз. Ауыл адамдарынан малдың өрісі жоқ деп шағым көп түседі. Мал ұстау үшін мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, шағын несие алатындар, малын қайда жаярын білмейді. Ал кейбіреулер жерді алып алып, не өзі пайдаланбайды, не жұртқа бермейді. Мұндай бос жерлерді мемлекетке қайтару керек» деді Архимед Бегежанұлы.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
Egemen Qazaqstan
Қостанай
Дереккөз: http://egemen.kz/