Қостанайда көктем шыға жатақханалар құрылысы басталады

0

Құрылыс құны екі жарым миллиардқа жуық теңгені құрайды. Ал Ө.Сұлтанғазин атындағы мемлекеттік педагогика университетінде де 86 орындық 3 қабатты жатақхана бой көтермек. Оның құрылыс-монтаж жұмыстары 670 миллион теңгеден астам қаржыны талап етеді. Екі жатақхананың да құжаттары дайын. Құрылысты қандай компания жүргізетіні қыс аяғына қарай жарияланатын конкурсқа байланысты болады.

Мұнымен қатар, облыс орталығында Құрылыс колледжі, Жоғары политехникалық колледжі және Медицина колледжі үшін үш жатақхана салынбақ. Оларға да бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жатақханалар құрылысының сапасына және барынша сыйымдылығына мән берілуі керектігін ескертті.

«Жатақханаларға акт зал секілді көбіне бос тұратын артық бөлмелер керек емес деп ойлаймын. Студенттер жиналатын акт залдар унивесритет корпустарында да жеткілікті емес пе? Сондықтан жатақханада кішкентай холл, дәліз болса жетеді, қалғанын мүмкіндігінше студенттер тұратын бөлме ету керек. Жобаны жасағанда бұл ескерілуі тиіс» деді Архимед Бегежанұлы.

Өңір басшысы сонымен қатар жатақханалар құрылысын лажынша қар кетіп, жер құрғаған соң бастай беру керектігін де баса айтты.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Egemen Qazaqstan»

Қостанай   

Дереккөз: http://egemen.kz/