Қостанайда Ғафу Қайырбековтың 90 жылдығы аталып өтті

0

«Ғафу ақынның туғанына 90 жыл толуына арналған үлкен шара Астанада өтті. Туған жері де қарап отырған жоқ. Ақынның кіндік қаны тамған Торғай өңірі мен Қостанайдың барлық аудандары мен қалаларындағы кітапханалар мен мектептерде, колледждерде ақынның мерейтойына орай шаралар кеңінен өтті. Бүгінгі кеш сол шаралардың қорытындысы болып отыр. Биыл Мәдениет министрлігінің қолдауымен ақын шығармаларының 3 томдығы жарық көрді. Біз ақынның ұлы Бақыт ағамыздың өтінішімен ол кітаптарды облыстық әмбебап кітапханаға әкеліп тапсырдық. Енді онымен қостанайлық оқырмандар да таныса алады.» деді Ерлан Болатұлы. Одан кейін Ө.Сұлтанғазин атындағы  Қостанай педагогика университеті Филология факультетінің деканы Кенжегүл Есіркепова Ғафу Қайырбековтің шығармашылығы туралы баяндама жасады. Ғафудың көзін көрген, жанында жүрген қостанайлық рухани інілері Ғұмар Ахметчин, Нағашыбай Мұқатов естеліктер айтты.

«Ғафаңның өлеңіне жазылған Шәмшінің «Ана туралы жыр» әнін түркі тілдес халықтар өз әніндей шырқайды. Мен Уфаға құдалыққа барғанда осы әнді айтамыз ғой деп дайындалып барсақ, татар құдалар бізден бұрын айтып қойғаны бар. Олар әнді татар тілінде айтты, біз сосын қазақ тілінде шырқап бердік. Сөйтсек, татарлар «қазақтар өз әндеріңді айтыңдар, бұл біздің ән» деп «қызғаныштық» көрсетті. Содан мен қалтамдағы ән жинағын көрсетіп, таласқаным бар» деп қызықты естелік айтты жазушы Ғұмар Ахметчин.

«Ғафаңның өлеңдері кең таралды. Оның шығармаларының арасында туған жер туралы асқақ үнмен жазылған, патриоттық сезімге толы әрі нәзік лирикалары бір төбе. Әнге айналып кеткен өлеңдері қаншама! Ғафудың керемет әншілігі де болған. Қазір Қостанайдағы ең ұзын көше, оның бойындағы қазақ орта мектебі ақынның атында. Бұл туған жердің ақын ұлына деген құрметі» деді кешті жүргізген ақын Ақылбек Шаяхмет.     

Кешті мектеп оқушылары мен Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай педагогика университетінің студенттері Ғафудың өлеңдерімен, Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның әншілері ақынның сөзіне жазылған әндермен көркемдеп отырды.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай

Дереккөз: http://egemen.kz/