Қостанай өңірінде жылына жүрекке 300 ота жасалуы тиіс
«Өзімізде жүрекке күрделі, ашық ота жасау, жалпы кардиологиялық қызмет көрсету ауруханаға РЧЛ аппаратының, тамыр ішін тексеретін УЗИ және тағы басқа заманауи жабдықтардың болуын талап ету себебінен тоқтатылған еді. Оның барлығы да қаржыландырудағы қиындықтардан орын алды. 2018 жылы ауруханаларда бірде-бір ота жасаған жоқпыз. Барлық науқастарды Астанаға жіберіп отырдық» дейді облыстық аурухананың бас дәрігері Юрий Моисеев. Әу баста облыстық аурухананың кардиология бөлімшесінде жылына 5-6 ота жасала бастады. Кейін Рудный қалалық ауруханасының дәрігерлері де жүрек ақауын оталық жолмен емдей бастады. Бұрнағы жылдары екі ауруханада жылына 170-ке дейін ота жасалған болатын. Бірақ жүрек ақауынан зардап шеккендер саны көп болғандықтан, аптасына 5 науқасқа дейін Астанаға барып емделуге жіберіп отырды. Кардиологиялық науқастарды ота арқылы емдеу уақытша тоқтағанмен, кадрлар біліктілігі төмендемеген, оларды дайындау, оқыту, тәжірибеден өткізу жұмыстары жалғаса берді.
Жақында облыстық ауруханаға ангиограф аппараты алынды. Ол тамырдағы қан жүрісін анықтайды. Облыстық аурухананың ангиография бөлімшесінің меңгерушісі Болат Қанафиннің айтуынша, еліміздің солтүстік облыстарында бұл аппараттың баламасы жоқ.
«Әдетте, кардиологиялық орталықтар барлық облыста жұмыс істейді. Оларда жүрек-қан тамырлары ауруларын анықтайтын аппараттар бар, біреу емес, бірнеше болуы да ықтимал. Бірақ біз алып отырған жапондық аппарат Қазақстан өңірлері арасында Шымкент пен бізде ғана бар. Пайдалануға өте ыңғайлы, заманауи үздік құрал. Онымен жұмыс істеудің сапасы республикадағы орталықтардан еш кем соқпайды» дейді Болат Қанафин.
Енді жүрек ақауынан зардап шеккен қостанайлықтар сыртқа шабылмай, облыс орталығы мен Рудный қаласындағы ауруханаларда ем алатын болады.
«Астанада ауруларға отаны сапалы жасайды, бірақ науқастарға қаржы жағынан қиындық әкелуі мүмкін, олардың үлкен қалада тоқтайтын үйі, сапалы күтімі бола бермейді. Олар ота жасалған соң Қостанайға жеткенше он екі сағат пойыз үстінде шайқалып келеді. Мұның барлығы науқасқа артық салмақ салады. Ал өзімізде емдесек, олардың отадан кейінгі күтімі де жақсарады, қиналмайды. Қазір облыста жедел ота жасауды керек ететін 20 науқас кезекте тұр» дейді кардиохирург Қайрат Бегенов.
Ал Қостанайда жүрек-қан тамырлары ауруларының бірнеше түрінен жылына кемінде 300 операция жасалуы тиіс. Әзірше облыста әзірге 40 ота жасауға рұқсат берілген. Қайрат Бегеновтің айтуынша, алдағы уақыттағы отаның саны қаржыландыруға байланысты болмақ.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай
Дереккөз: http://egemen.kz/