Қостанай облысының тұрғындарын Украинадағы соғысқа қатысуға үгіттеген: Әкім түсіндірді
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов облыс тұрғындарын Украинадағы соғысқа қатысуға тарту әрекеттері туралы айтты. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттгі хабарлайды.
Әкім бұл жағдайдан хабардар екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қостанай облысының бірнеше ауылында осындай жағдай тіркелген.
«Бірден атап өткім келеді, бұл жаппай емес. Бұл фактілер туралы білеміз, олар біздің шекаралас аумақтар мен аудандарда болған. Мен кем дегенде екі фактіні нақты білемін. Тарту әрекеттері болды, белгісіз парақшалар пайда болған. Бірақ біз қысқа уақыттың ішінден мұны кім істеп жатқанын анықтадық, әрине, бұл адамдарды заң бойынша жазалау үшін барлық шаралар қолданылды», – деді Ақсақалов.
Оның айтуынша, заңсыз фактілердің анықталғанына көп болмаған, тергеу амалдары жүргізілуде.
«Бірақ бірде-бір факт назардан тыс қалмайды және бұл қызмет түрімен айналысқандардың барлығы тиісті жазасын алады», – деді Құмар Ақсақалов.