Қостанай облысында вакцинацияны тоқтатуға мәжбүр болды

0

Қостанай облысында вакцинацияны тоқтатуға мәжбүр болды. Өйткені аймақта «Спутник V» вакцинасы таусылып қалған. Бұл туралы 24.kz айтты.

Емханалар мен ірі сауда орталығындағы бекеттерде ресейлік Спутник-V дозалары бітіп қалған. Мұның себебі — індетке қарсы екпе қабылдауға ниет білдірушілердің көбеюі.

Өңірде иммундау кезеңі басталғалы отыз мыңдай адам вакцина салдырған.

Денсаулық сақтау басқармасының өкілдерінің мәліметінше, екпенің кезекті легі осы апта аяғында жеткізілуі тиіс.

«Вакцинаның бірінші компоненті таусылды. Нұр-Сұлтан қаласына тапсырыс жолданды. Ертең 5 мың доза жеткізіледі. Сәуірдің 25-26-сы күндері 21 мың, ал 28 сәуірде 6 мың доза күтіп отырмыз», — деді денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Анжела Бексұлтанова.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазіргі кезде Қазақстанда қолданылып жатқан «Спутник-V» вакцинасының тиімсіз екенін айтқаны туралы ақпарат тарады.