Қостанай облысында тоғыз жасар қызды ток соқты: Аудан әкімінің орынбасары қызметінен босатылды

0

Қостанай облысындағы көбік кешінде тоғыз жасар қызбен болған төтенше жағдайдан кейін аудан әкімінің орынбасары қызметінен босатылды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі Наша газета порталына сілтеме жасап хабарлайды.

25 тамызда Ұзынкөл ауылында Жастар күніне орай көбік кеші өтіп, онда 9 жасар қызды тоқ соққан болатын.

Бойжеткен қазір Қостанай облыстық балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр. Оның жағдайы өте ауыр деп бағалануда.

Облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиевтің айтуынша, бұл шараны аудан әкімдігінің қаулысымен жеке кәсіпкер ұйымдастырған. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қылмыскерлерді анықтауда.

«Бұған дейін облыс әкімі мұндай іс-шаралар кезінде барлық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігін айтқан болатын. Қайғылы оқиғаға байланысты Ұзынкөл ауданының әкімі тиісті бақылау болмағаны үшін қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, Шараны ұйымдастыруға әкімдік тарапынан жауапты аудан әкімінің орынбасары мен бөлім басшысы қызметінен босатылды», — деді Мұхаметқалиев.

Еске салсақ, Қостанай облысында көбіктер кешінде ток соққан тоғыз жасар қыздың ата-анасы президенттен көмек сұрағаны туралы хабарлаған болатынбыз.