Қостанай облысында су тасқыны басталды

0

Қарасу, Сарыкөл мен Ұзынкөл аудандарында су көп жиналып, өзендердің деңгейі көтеріледі деп болжанып отыр

НҰР-СҰЛТАН, 6 сәуір – Sputnik. Қостанай облысына көктем ерте келіп, су тасқыны әдеттегіден екі апта бұрын басталды, деп хабарлады төтенше жағдайлар комитеті.

Күннің жылынуына байланысты Қарасу, Сарыкөл мен Ұзынкөл аудандарында су көп жиналып, өзендердің деңгейі көтеріледі деп болжанып отыр. Осыған байланысты жақын жердегі барлық ауыл бақылауға алынды.  Қауіп-қатер аймағына 99 елді мекен кіреді.

«Су тасқыны қаупі бар учаскелерде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. ТЖД аумақтық бөлімшелері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, егістіктерден еріген қар суын сору және бұру бойынша жұмыстар жүргізеді. Қостанай облысының өзендерінде су деңгейі әзірге көтерілген жоқ», — делінген ресми хабарламада.

Қаратомар және Жоғарғы-Тобыл су қоймаларына әлі 546 миллион текше метр су сыяды. Бүгінде Қарасу ауданында мұз жару жұмыстарын атқаруға шешім қабылданды.

«Өткен демалыс күндері Ильичев ауылдық округінің Новоселовка ауылының маңында Құндызды өзенінде алты жарылыс жасалды. Қар жаппай еріген кезде даладан судың бір бөлігі дәл осы жерге кетеді. Жарылыс жұмыстарының нәтижесінде өзендегі су деңгейі төмендей бастады», — дейді құтқарушылар.



sputniknews.kz