Қостанай облысында қуатты май зауыты ашылды

0

Облыс нарығында «Лавра» деген атпен белгілі май сапасының жоғарылығымен дүкен сөрелерінде көп жатпайды. Енді «Промбаза–7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Даму» бағдарламасы бойынша 1 миллиард 700 мың теңге инвестиция салып, тазартылған май шығаруды қолға алды. Бұл облыстағы тазартылған өсімдік майын өндіретін алғашқы қуатты май зауыты болып табылады.

«Жаңа май зауытының инфрақұрылысы облыс бюджеті есебінен мүмкін болды. Келіп тұрған газ құбырына жалғанысымен зауыт толық жұмыс істей бастайды. Газбен қатар өндіріске су да керек, ол да облыс басшылығының көмегімен шешімін табатынына сенімдіміз» дейді «Промбаза – 7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мұхамеджан Ақұлов.

Зауытта май екі желі арқылы өндіріледі. Бұрыннан жұмыс істеп тұрған желіде өнім салқын сығылады, яғни тұтынушыға таныс «Лавра» майы өндіріледі.Ал екінші жаңадан орнатылған желіде сығылған май одан әрі тазартылады. Мұхамеджан Ақұловтың айтуынша, тазартылған май тек экспортқа артуға бағытталған. Кәсіпкер өнімді өткізуден ешқандай қиындық болмайтынын да айтты. Тазартылған өсімдік майына Қытайда да, Ресейде де, өзге елдерде де сұраныс жоғары. Зауыт шикізатты облыс өңіріндегі, көрші Ресейдің іргелес шаруашылықтарынан сатып алады. Күнбағыс  күнжарасынан мал жемі дайындалады.

Жаңа май зауытын облыс әкімі Архимед Мұхамбетов аралап, инвестициялық жобаның іске қосылуға дайын екенін көрді. Жаңа зауыт қуатында жұмыс істегенде, мұнда 30 жұмысшы еңбек ететін болады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай