Қостанай облысында қоғамдық көлік тоқтатылады  

0

Тұрғындар үйден тек азық-түлік, дәрі-дәрмек, медициналық қызмет пен жұмыс үшін ғана шыға алады. Дүкен мен дәріхана 500 метр шалғай жерде болмауы тиіс

НҰР-СҰЛТАН, 16 сәуір – Sputnik. Қостанай облысының бас санитар дәрігері Владимир Нечитайло карантин аясында енгізілетін негізгі шектеулерді жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

«17 сәуірде сағат 00:00-де облыста карантин енгізіледі. Осы уақыттан бастап облыста елді мекендердің арасында қатынауға тыйым салынады. Халықтың тіршілігін қамтамасыз ететін қызметтер, сосын азық-түлік пен дәрі-дәрмек таситын көліктер ғана жүре алады», — деді Нечитайло бүгінгі шұғыл брифингте.

Облыста қоғамдық көлік тоқтатылады. Тұрғындар үйден тек азық-түлік, дәрі-дәрмек, медициналық қызмет пен жұмыс үшін ғана шыға алады. Дүкен мен дәріхана 500 метр шалғай жерде болмауы тиіс. Үй жануарларын да осы аралықта шығаруға болады. 

«Жанар-жағармай станциясына баруға болады. Жасөспірімдерге ата-анасыз далаға шығуға рұқсат жоқ. 65 жастан асқандарға да далаға себепсіз шықпауға кеңес береміз. Дүкенде, дәріханада және жұмыста адамдар бір-бірінен екі метр алыс тұруы қажет. Далада жақын туыстар болмаса, үш адамнан артық жиналуға болмайды», — деп атап көрсетті Нечитайло. 

Облыста вокзалдар, автостанциялар, азық-түлік сатпайтын сауда орындары, автосалондар, қорқор шегетін жердер, бильярд, боулинг, аквапарктер, бассейн, сауналар және тағы басқа орындар толығымен жабылады. Ал қоғамдық тамақтану орындары өз өнімін жеткізіп сатады. Жұмыс уақыты – 07:00-20:00. Азық-түлік дүкендері болса, сағат 10:00-ден бастап ашылады.

Екінші деңгейлі банктер қысқартылған режиммен жұмыс істейді. Көктемгі егіс жұмыстарын қатысатын жұмысшылар жүре береді. Өндіріс ошақтары да қызметін жалғастырады. Бірақ санитарлық-эпидемиологиялық ережелер қатаң сақталуы шарт.  

«Мектепке дейінгі барлық ұйымдар жабылады. Қалалар мен аудандарда карантиндік аймақтар белгіленеді, әрбіреуінде өткізу-бақылау бекеттері болады. Сол жерде көлік пен адам қатынасы бақыланады», — деді Нечитайло.

Айта кетейік, барлық сұрақтар бойынша 52-64-36 телефонына хабарласуға болады.



sputniknews.kz