Қостанай облысында қазақ тілі пәнінен сабақ беретін өзге ұлт өкілдері көбейіп келеді

0

Ұстаздардың басты мұраты – тілмен бірге жас ұрпақтың санасына ел мен жерге деген шынайы сүйіспеншілікті сіңіру.

Тілді білу – өрісің. Қостанай облысында бүгінде қазақ тілін меңгеріп, тіпті осы пәннен сабақ беріп жүрген өзге ұлт өкілдері аз емес. Таңқалатын нәрсе ме дерсіз, әрине. Алайда, солтсүтік өңірде өз қандастарымыздың да ана тілін үйренуге асықпай жүргені ащы шындық. Бұл туралы zakon.kz, kaztrk.kz жариялаған ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.

Сондықтан, сөйлесетін орта болмаса да, қазақшаны меңгерген өзге ұлыстың азаматтарының талабы қандай да құрметке лайық.

Римма Афанасьева Жітіқара ауданында дүниеге келген. Өскен ортасында қазақша сөйлейтіндер мүлде болмапты. Орыс мектебінде оқыған. «Қазақ тілін меңгеруге өзімнің қызығушылығым мен осы пәннен сабақ берген ұстазым себеп болды», — дейді ол.

Римма Афанасьева, қазақ тілі пәнінің мұғалімі: — 11-сыныпты бітірген кезде «Мен қандай пәнді жақсы білемін?» деп ойладым. Сол кезде қазақ тілінен бір байқауға қатысып, екінші орны алғанмын. Егер жарыста озсам, яғни, әрі қарай тырыса беруге болады деп шештім.

Сөйтіп, Римма қазақ тілі және әдебиеті мамандығы бойынша жоғары білім алып шықты. Қазір Федоров ауданындағы Воронеж ауылында орыс мектебіне қазақ тілінен сабақ береді. Ал, бұл Дмитрий Ромашенко. Федоров кентіндегі орыс мектебінде қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі. Украин отбасында дүниеге келді, мектепті орысша оқыды. Әйтсе де, өзінің ерік-жігерінің арқасында қазақ тілін меңгеріп шықты. Жоғары білім алды. Бүгінде білгенін шәкірттеріне үйретіп жүр. Әлі де болса, қазақ тілінің насихатталуы кем деп қынжылады.

Дмитрий Ромашенко, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі: — Тағы да насихаттау керек. Жақсы кітаптар шығару керек. Әлемдегі ең жақсы кітаптарды қазақ тіліне аудару керек. Сосын оқулықтардың сапасын көтеру қажет.

Римма да, Дмитрий де өмірдегі бар жетістіктерін осы тілді меңгергеннің арқасы деп есептейді. Сондықтан, үнемі ізденіп, білімдерін жетілдіріп отырады. Ұстаздардың басты мұраты – тілмен бірге жас ұрпақтың санасына ел мен жерге деген шынайы сүйіспеншілікті сіңіру.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!