Қостанай облысында полицей көршісінен коронавирус жұқтырып алды  

0

Індетке шалдыққан полицей Қостанай облысына іссапармен келіп кеткен. Онымен 100-ден астам адам байланыста болған

НҰР-СҰЛТАН, 17 сәуір – Sputnik. Қостанай облысында полиция қызметкері коронавирус жұқтырып алды. Ол Жітіқара қаласында індетке шалдыққан қариялардың көршісі болған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ресми ақпаратқа сәйкес, вирус жұқтырған полицей Қостанай облысына іссапармен келіп кеткен. Онымен 100-ден астам адам байланыста болған. Олардың барлығын экспресс тестілеуден өткізді. Сынама теріс нәтиже берді. Ал Жітіқара қаласындағы полиция бөлімшесінің жеке құрамы үй карантинінде отыр.  

«Жітіқара қаласында онымен 11 адам байланыста болған. Олардың бәрі үй қарантинінде отыр. Қаладағы қоғамдық тәртіпті сақтауға департаменттің 80 қызметкері жіберілді. Барлығы қорғаныс құралдарымен және тамақпен қамтамасыз етілді», — делінген ресми хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін 12 сәуірде Жітіқара қаласының екі тұрғыны – 1945 жылғы ер адам мен 1955 жылғы әйел жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген болатын. Екеуінің де дене қызуы көтеріліп, демікпесі болған.

Пациенттер аурудың алғашқы белгілерін 5 сәуірде байқаған. Бірақ  медициналық көмекке жүгінбеген. Екеуі де коронавируспен ауырған адаммен байланыста болмаған әрі Жітіқара қаласынан шықпаған. Алайда сынама кезінде екеуінен де коронавирус табылды.

Оқи отырыңыз: Коронавирус қандай температурада жойылатыны анықталды 

14 сәуірде ер адамның жағдайы күрт нашарлап, дене қызуы 39 градусты көрсеткен. Ал ертесінде интубация жасалды. Науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Бірақ жүрегі тоқтап қалған. Реанимациялық шаралар нәтиже бермеді. Әйелдің жағдайы орташа ауыр болған. Кеше олардың жақын араласқан туысынан коронавирус инфекциясы табылды.



sputniknews.kz