Қостанай облысында не болып жатыр – видео

0

Оқиға

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Қостанайда қатты желдің салдарынан электр энергиясы өшіп, салдарынан су да тоқтап қалды. Қалада барлық қоғамдық көлікті тоқтатуға тура келді

НҰР-СҰЛТАН, 7 сәуір – Sputnik. Қостанай облысында ауа-райының қолайсыздығына байланысты барлық жол жабылды. Қатты дауыл ағаштарды құлатып, электр желілерін үзіп тастады. Соның салдарынан бірнеше қала жарықсыз қалды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.

Облыс әкімдігінің баспасөз хатшысы Саят Жүсіповтың айтуынша, қалың түскен қар мен қатты желдің салдарынан инженерлік желілер бұзылған. Коммуналдық қызметтердің жұмысы қиындап кеткен.  

«Бізде әлі де боран, дауылды жел соғып тұр. Коммуналдық қызметтерге қиын болып жатыр. Аймақтарда электр қуаты жағынан проблемалар туындады. Кей жерлерде сумен, жылумен қамтамасыз ету де қиындады. Қазіргі кезде Қостанайдың өзінде коммуналдық қызметтер жұмыс істеп жатыр. Жолдардың бәрін жауып тастадық», — деді Жүсіпов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында «Лисаков пен Рудный жарықсыз қалды» деген ақпарат тараған. Баспасөз хатшысының сөзіне қарағанда, ол қалаларға жарық берді ме, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз. Себебі байланыс дұрыс істемей тұр.

Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметі бойынша бүгін Қостанайда электр энергиясы өшіп қалған. Соның салдарынан су да тоқтап қалыпты. Қалада барлық қоғамдық көлікті тоқтатуға тура келді. Себебі қатты жел шатырларды бұзып, ағаштарды тамырымен бірге жұлып алған.    

Ақ түтек боранның салдарынан жолда ештеңе көрінбейді. Соның салдарынан көліктер аударылып жатыр. Мәселен, Лисаков қаласынан шыққан Largus көлігінің жүргізушісі санитарлық бекетке жақындағанда рөлге ие бола алмай, аударылып кеткен. Оны полицейлер құтқарып қалды.  

Бұған дейін синоптиктер Қостанайда 7 сәуірде қалың қар түсіп,  желдің жылдамдығы секундына12-23 метр болады деп болжаған.   



sputniknews.kz