Қостанай облысында банк басшысы клиенттердің ақшасын ұтысқа тігіп жіберген

0

Қостанай облысы Жетіқара аудандық соты жергілік «Еуразия банкі» бөлімшесінің бұрынғы басшысы Мырзабай Шалбаевтың ісін қарап жатыр, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі.

Ол өзгенің үлкен көлемдегі мүлкін талан-таражға салды деп айыпталып отыр. Тергеу мәліметінше, Шалбаев 205 мың еуроны (104,8 млн теңге) банктен шығарып алып жасырынып қалған. Ер адам Ресейде жүрген жерінен ұсталды.

Мырзабай Шалбаевтың айтуынша, 2019 жылдың қыркүйек айында ұтыс тіге бастаған. Басында ол букмекерлік кеңседе жеңіліп, кейін клиенттердің шоттағы ақшасын шешіп алған. Жеңген соң қайтарамын деп ойлаған.

Айыптау материалдарының мәліметінше, сотталушы банк ақшасын өз шотына үш рет аударған. Бірінші ретте 7,2 млн теңге, кейін 10,3 млн теңге және артынша 7,2 млн теңге шешіп алған.

«Бастапқыда аз ақша жұмсадым, кейін кіріп кеттім. Бұл бір жабық шеңбер секілді. Өз іс-әрекетіме дұрыс баға бере алмадым. Адреналин мен қорқыныш болды. Бірінші рет шотыма ақшаны аударып алған кезде артқа қайтар жолдың жоқтығын түсінген болатынмын. Жеңіп, ақшаны орнына қоюым керек болды. Кейін бұлай болмаған соң, банктің сақталым қорынан 205 мың еуроны алып шығып, оны клиенттердің шотына салып қоймақ болдым», — деді ер адам.

Ол, тіпті, осы әрекетін жүзеге асыру үшін бас кеңседен үлкен көлемде қағаз ақша сұратқан екен. Мұны клиентке керек деп айтқан.