Қостанай «Алтын жастарының» қатары толыға түсті

0

«Есімі алтын әріппен жазылып отырған осы жастардың барлығы да мұндай беделді атаққа өзінің таза еңбегімен жетті. Олар ең алдымен өзгелерге үлгі. Әр жылдары есімі осы кітапқа кірген жастар қазір елімізге белгілі азаматтар болып қалыптасты. Мысалы осы кітапқа есімі бірінші болып тіркелген «Тобыл» командасының футболшысы Нұрлан Жұмасқалиев еліміздегі спорт аңыздарының біріне айналды. Қазір осы команда басшыларының бірі болып отыр. Әлия Сапарова Парламент депутаты, ал әлем чемпионы Денис Кузин «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы болды» деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Жоба лауреаттары бірнеше аталым бойынша марапатталды. Оларды әр саладағы белгілі, ардагер, халықтың құрметіне бөленген жандар тапсырды. Марапатталғандардың арасында бейбіт күнде ерлік көрсеткендер, спорт, өнер, мәдениет, білім мен денсаулық саласында, бизнесте жүрген үздік жастар бар. Қостанай облысының «алтын жастарының» қатарынан әнші, халықаралық байқаудың лауреаты Ернар Садырбаев та орын алды.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов салтанатты жиынның соңында Жастар жылы болып белгіленген 2019 жылы облыста атқарылар келелі істерді атап өтті.

– Қостанай қаласының «Юбилейный» жаңа шағын тұрғын ауданында заманауи Жастар сарайы салынып жатыр. Үлкен, кең ғимаратта бірнеше залдар, жастарға байланысты жұмыстар жүргізілетін кабинеттер жабдықталады. Жастар сарайының құрылысы келесі жылдың наурыз айында аяқталады, оның айналасын көркейту, абаттандыру жұмыстары жазда толық аяқталады. Сонымен қатар облыс орталығында жаңа үлгідегі спорт және жастардың робот техникаларымен айналысуына қолайлы ғимараттар да бой көтеретін болады. «Юбилейный» тұрғын ауданындағы «Қостанай-Плаза» сауда-ойын-сауық кешені тағы да кеңейтіледі. Онда ойын-сауық және демалыс орандары орналасады, – деді Архимед Бегежанұлы.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазқстан»

Қостанай

Дереккөз: http://egemen.kz/