ҚОШҚАРМҮЙІЗ – ҚАЗАҚТЫҢ ТӨЛ ОЮЫ

0

Қараша айы елеулі тарихи оқиғаларға толы болды. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы тарихи сананың қоғамдық-әлеуметтік санаға айналуының игілікті орындалу бағыттарын анықтады. 

Елбасы қазақ халқының көне аталардан бізге мирас болған алуан қырлы тарихымыздың ішінде жұртымыздың атқа міну мәдениетін бүкіл әлем халықтары­ның арасында алғашқы болып, оның түрлі технологиялық қыр­ла­рын басқа елдерге үйреткен деңге­йін зерделеуді ұсынады. Бұл арада Солтүстік Қазақстан жерінен табылған «Ботай» мәдениетінің археологиялық материалдарына кешенді тарихи-этнографиялық және этнологиялық зерттеулер керек. Себебі, ел арасында қазіргі уақыттың өзінде жүйрік ат, ақбозат деген ұғымдар мол кездеседі. Сон­дай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Архив – 2025» жобасын алдыңғы жылдар шеңбе­рін­де басқа әлем елдеріндегі архив­терден қазақ халқының ата-бабаларына қатысты, әрі «Ұлы даланың жеті қырына» қатысты елеулі құжаттарды тарихи айналым­ға енгізуге ұмтылуымыз керек.
Елбасының зерделі сөзі «Уақыт пен кеңістіктің көк жиегі тоғысқан кезеңде ұлт тарихы басталады» деп айтуы терең ойлы ұстанымынан басталып, біздің ата-бабаларымыздың көне замандардан бері өмір сүру ақи­­қаты­нан туындайды. Негізі, Нұрсұлтан Әбішұлы осы салиқалы мақаласында «Ұлы даланың жеті қыры» деп тарихи бастаулары ерте ғасырлардан ұласқан біздің ұлттық тарихи дүниетанымымызды саралайды. Менің ойымша, «жеті саны» қазақ халқының түйсігінде тұрақты өмір сүрудің символы әрі қазақтың позитивті «жеті ата» генеологиялық қағидасы арқылы зиялы өмір-тіршілікке ұмтылудың символы болып саналады. Жеті атаға дейінгі туысқан ұрпақтардың генеологиялық бірлігін қазақ халқы­ның жадында сақталуын меди­цина ғылымдары толық дәлел­деді. Бұл тарихи қасиетті жеті ата қағидасын халық арасынан этнографиялық материалдар жинау барысында ата-ана, ел-жұрттан естідік.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өз мақаласын екі үлкен бөлім арқылы «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» және «Тарихи сананы жаңғырту» деп саралайды. Оның ішінде, Ұлы даланың жазирасында ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт шеңберінде елеулі орын алған эстетикалық «аң стилін» менің ұстазым-профессор, тарих ғылымының докторы М.Мұқанов және академик Ә.Марғұландар пайымдады. Ғалым Марат Сәбит­ұлы­ның пікірінше, аң стилі біз­дің заманымызға дейінгі ХVIII-VIII ғасырларда, яғни біз­дің бабаларымыз қола дәуір­інде зооморфты стильді күнде­лікті өмір-тіршіліктерінде кере­мет мол пайдалана білді. Оның негізі ата-бабаларымыз мал шаруа­шы­лығымен түбегейлі әрі саналы түрде айналысты. Қазақ­тың ою-өрнек категориясы ел-жұр­ты­мыздың дәстүрлі өмір-тір­ші­­лігінде орасан зор мәрте­беге ие болды. Себебі, ата-бабаларымыздың күнделікті өмір сүру тәсілінде мал шаруашылығының рөлі керемет жоғары болды. Негізі, біздің бабаларымыз көне замандарда жер және егін шаруашылықтарымен параллель түрде айналысты. Уақыт өте келе мал шаруашылығымен адам шын ниетімен ақылды бағыт­та еңбек жасаса, онда мал категориясының орасан пайдасын көруге болатындығын білді. Қазақ халқы үшін мал категориясы біріншіден – финанстық жағынан байлық белгісі ретінде сауда-саттық жүйесінде оңтайлы құрал, екіншіден – күнделікті ас-тағам жүйесінің көзі, үшіншіден – мал өнімдерінен тұрмыс-тіршілікке қажетті қолөнер бұйымдарын істеу­ге болады. Сол себепті, қазақ жұр­ты үшін аң стиліндегі ою-өр­нек­тердің рөлі ерекше орын ала­ды. Аң стиліндегі оюлар немесе зо­омор­фты ою-өрнектер қатары-
на – қошқармүйіз, қосмүйіз, арқар мүйіз, қырықмүйіз, құсқанат сияқ­ты көптеген қазақтың стилін­дегі оюлар бар.
Мыалы, қошқармүйіз – қазақ халқына тән ою. Қошқар мүйіз стилі – тепе- теңдікті білдіреді, оң жағы мен сол жағы тең болуы керек, яғни симметрияға бағы­­нады. Себебі, қошқардың жара­ты­лысынан екі мүйізі тең болады. Сонымен қатар, қазақ халқы үшін қошқармүйіз сти­лі байлықтың белгісі саналады. Сондықтан қазіргі уақытта тәуелсіз Қазақ елі атынан қазақ халқының көп ғасырлар қой­науынан бастау алатын «қош­қар­мүйіз стилін» ЮНЕСКО-ның «материалдық емес мәдениет» халықаралық жоба­сы бойынша ресми құжаттауға ұсы­ну­дың уақыты жетті. Сондай-ақ Қазақстан үшін абзал, әрі қасиетті мәдениетімізді халықаралық дең­гейде ресми рәсім­деп, ел-жұрты­мыздың рухани кате­гория бай­лығын қайтару керек деп ойлай­мын.
Қазақ халқының өмір-тір­ші­лі­гін­де ою-өрнектердің алатын орны өте мол.

Қарлығаш ЕРҒАЗЫҚЫЗЫ,
Ұлттық музейдің ғылыми қызметкері, «Нұр Отан» партиясының мүшесі