Қош келдің, Жастар жылы!

0

Қоғамдық даму министрі Дарxан Кәлетаев былтыр қарашада «Ел ертеңі – болашақ жастардың қолында» Жол картасының жобасы әзірленгенін хабарлаған еді. Аталған министрлік жанынан құрылған Жастар және отбасы істері комитетінің басшысы Асхат Раздықұлы: «Жол картасында министрліктерден бастап, барлық мүд­делі мемлекеттік меке­мелердің, жергілікті әкім­діктердің, жастар сая­сатымен айналыстан үкіметтік емес ұйым­дардың ұсыныстары мен жобалары қамтылды. Сонымен қатар қоғам­дағы пікірлер мен әлеу­меттік сауал­намалардың нә­ти­желері де ес­керілді. Жол картасының негізгі мақ­­с­аты – әр санаттағы жастарға қол­дау көрсету. Оның ішінде 14-18 жас аралығындағы мектеп оқушылары да, колледж, институт, басқа да ЖОО студенттері, жас отбасылар, кәсіпкерлер мен жұмыссыз жастар да бар», дейді.

Мемлекет басшысы: «Жастар және отбасы институтын қол­дау мемлекеттік саясаттың басым­ды­ғына айналуы тиіс», деген еді. Соның дәлелі, өткен жыл жас­тарға арналған жобалардың қар­қынды қолға алынуымен ерек­шеленді. Нақты тілге тиек ете­тініміз: қыркүйек айынан бастап 20 000 грант бөлінді. 2022 жылға дейін 75 мың адамға ар­нал­ған жатақханалар салынады. Бұл – осыншама отбасына кө­мек деген сөз. Өйткені тегін бі­лім, стипендия алып, жатын орын­­­мен қамтамасыз етіліп, оқуын тәмамдап, табыс тапқан әр­бір адам өз отбасына қолдау көрс­етіп, тірек болу мүмкіндігін иеленеді. 

Сондай-ақ Жастар және отбасы істері комитеті өз жұмысын бастады. Бұл да жастарға жүйе­лілік жағынан үлкен қолдау. «Біздің мақсатымыз – жастарға арналған әлеуметтік лифт платформасын кеңейту. Бізде жүйе қалыптасқан, бала мектепті бітірген соң, ҰБТ арқылы грант иелене алады, егер оны қаламаса немесе мүмкіндігі болмаса, 2 жыл тегін оқытатын кәсіптік колледждерге бара алады. Міне, бұл да әлеуметтік лифт», дейді комитет басшысы.

Комитет өкіліне «Жастар жылы жа­лаулатумен өтіп кетпей ме?» де­ген қоғамда туындаған сұрақ­ты қойдық. Ол: «Жол картасы нақ­ты индикаторларға толы болады деген сенім бар. Үкі­мет қаулы­сы­мен бекітілген мем­лекет­тік бағ­дар­ламаларға әр бағыттағы жас­тар индикаторын енгізуді ұсы­нып жатырмыз. Үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыс­та­мыз, солармен бірлескен жұ­мыс ретінде әрі қоғамдағы алаң­дау­шылықты ескеріп, пайдасыз жиын­дар, форумдар мен дөң­гелек үстелдерден гөрі біздегі суицид, нашақорлық, бұзақылық секілді өзекті мәселелердің алдын алу мақсатында жастарға ма­ңызды әрі қызықтыратын акция­ларды, марафондарды, жаңа фор­маттағы жұмыстарды ұйым­дас­тыру жоспарда бар», дейді. 

Шалғайдағы жастарды да назардан тыс қалдырмау қажет деген ой тағы бар. Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында ауыл­дық жерлердің әлеуметтік орта­сын жаңғырту керектігін айт­қан еді. Соған сай, «Ауыл – ел бесігі» атты жобаны жүзеге асы­руды да тапсырған. Бұл ретте Ауыл шаруа­шылығы министрлігі мен өзге де мекемелердің бастауымен арнайы Жол картасы дайындалмақ.

Статистика комитетінің мәлі­метінше, қазір елімізде 3 900 834 жас бар. 4 мил­лионға жуық жанға Жастар жылы бере­келі болсын!

 

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/