Қос революция Қырғызға не берді?
Бұндай әңгімені бір пәледен құтылдым-ау дегенде екінші пәлеге ұрынған Түркменстаннан бастап едік. Ендігі кезек Қырғызстанға келді.
Әңгіме басшысының қайтыс болғаны емес, революциялық жолмен билігі екі мәрте ауысқан Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет турасында. Сондай-ақ, аузы бірнеше рет күйгеннен Қырғызстанның аймақтағы супер президенттік жүйеден парламенттік басқаруға оралғандығы жайлы.
Кез-келген революция жоқ жерден шықпайды. Оны әлдебір залым күштер сырттан арандатты деген түсіндірмелер сын көтермейді. Бұл әдет Ресей секілді өз қателіктерін басқадан көретін авторитарлы режимдерге ғана тән. Аймақтағы басқа көршілерінен гөрі қырғыз бауырларды намысшыл көзі ашық деуге келмейді. Олай болса, бұл таулы республиканың басты ерекшеліктері неде? Әдетінше тиісті талдауды тарихи алғышарттардан бастасақ.
1980 жылдардың екінші жартысында Кеңес Одағында басталған қайтақұру үрдісінің айыр қалпақты ағайындарға ықпалы зор болды. Қысқа мерзім аралығында Қырғызстанда көптеген саяси да қоғамдық ұйымдар бой көтерді. Ел өзін-өзі басқару, қырғыз халқы өзінің ұлттық болмысы мен мемлекеттігін жаңғыртуға ұрандата көшті. Қарқынды либералдық реформалар тұрғысынан да Қырғызстан аймақтағы көшбасшыға айналды. Орталық Азияда өктем коммунистік партияның өкілі биліктен аластатылған және демократиялық күштердің белсендісі президенттікке келген жалғыз республика – әңгімеге арқау болып отырған Қырғызстан еді.
1990 жылғы қазанда Жоғарғы кеңесте өткен сайлаулар нәтижесінде мемлекет басшысы болып ғылыми орталардан шыққан Асқар Ақаев мақұлданды. Айта кетерлік жәйт, алғашында жергілікті элиталар бұл мансапты көрнекті жазушы, қоғам қайракткері Шыңғыс Айтматовқа ұсынған еді. Бірақ, ол бас тартты. Жаңа лидер бастаған топ Қырғызстанды тәуелсіздік пен демократияға батыл жетеледі. 1991 жылғы тамызда Мәскеуде КСРО-ны сақтап қалу мақсатында коммунистер ұйымдастырған путчты ашық әшкерелеген аймақтағы жалғыз Ақаев болды.
Сол 1991 жылғы 31 тамызда Қырғызстан өзін тәуелсіз мемлекет ретінде жариялады. Қалыптасқан парламенттік жүйеде биліктің негізгі екі тармағы Қазақ еліндегідей қарама-қайшылыққа түскен жоқ. Шешуші мәселелерге келгенде президент пен парламент ұстанымдары бір жерден шығып, республика үдемелі саяси және экономикалық реформаларға кірісіп кетті. Атап айтқанда, ауыр дағдарыс жағдайында бірден баға мен сыртқы сауданы либерализациялау, экономиканы монетаризациялау және жекешелендіру бойынша Қырғызстан көршілерін басып озды. Батыстық үлгідегі Азаматтық кодекс қабылданып, тұңғыш жерге жеке меншік құқығы енгізілді.
Өз кезегінде АҚШ пен Еуропа Қырғызстанды аймақ елдері үшін үлгі ретінде көрсетіп, демократияға ынталандыруға ұмтылды. Тиісті көмек көрсетуден аянбады. «Демократия ошағы» атанған Қырғызстан ресурс тапшылығын шетелдік инвестицияны тарту арқылы шешпек болып, күн тәртібінде батыстық даму жобасын алға қойды. Сөйтсе де, 1993 жылы елдің жаңа Конституциясы өтпелі кезеңде орталықтандырылған басқару жүйесін күшейту керек деген желеумен президент өкілеттілігін айтарлықтай кеңейтті. Керісінше Жоғарғы кеңес – парламент құзіреті шектелді. Осылайша Қырғызстандағы билік моделі президенттік-парламенттік басқару элементтерін біріктірді. Сонымен қатар елде негізінен саяси партиялар емес, аймақтық және рулық-туыстық топтарға негізделген ескі саяси құрылымдарға дем бітті.
1995 жылы Ақаев жалпыхалықтық сайлаулар нәтижесінде 70 пайыз дауыс жинап, екінші президенттік мерзімге қалды. Аталған кезеңнен бастап, Қырғызстанның қоғамдық-саяси реформалары тежеле бастады. Жалпы, 1990 жылдардың ортасына қарай бұрынғы КСРО елдерінде демократиялық романтизм бәсеңсіп, оның орнын жабайы капитализм көріністері басқанда, авторитарлық басқару дағдысына оралу үрдісі басталды. Бұл науқан, әсіресе Түркменстан мен Беларусь, Тәжікстан мен Әзірбайжан, Қазақстан мен Өзбекстанда көрініс тапты.
Қырғыз елі болса, осындай тар да тайғақ жолға басқалардан әлдеқайда кеш түсті. Көршілес елдердегі демократияның құндылықтары басып-жаншылғанда, қырғыздар еркіндіктің ауасын біршама жұтып үлгерді. Айналадағы елдердей Мәскеудің езгісін жергілікті азулылардың мысы алмастырғанда қырғыздардың көнбеуі сондықтан болар. Бірақ, тәжірибенің жетіспеуі, әлеуметтік-экономикалық түйткілдер, соның кесірінен сыртқы күштерге деген тәуелділік кері әсер берді. Оның үстіне аймақтағы авторитарлық орта демократиялық қоғамды құру ісін тежеді.
1996 жылғы жаңа конституциялық реформаларға сәйкес президент үкімет құрылымын жеке өзі бекіту мен тарату өкілетіне ие болды. Бірте-бірте авторитарлық әдістерге жүгінген саясат етек жайды. Реформалардың нәтижелері кейінге ысырылып, есесіне жемқорлыққа, мемлекеттік мекемелердің салғырттығы мен жауапсыздығына ұласты. Келеңсіз ахуалды билік пен ірі бизнеске президенттің әйелі, ұл-қыздары, басқа туыстары араласуы одан сайын ушықтырды.
2000 жылы Асқар Ақаев үшінші мерзімге президент болып сайланды. Әйткенмен бұл жолғы өткен электоралдық науқанның демократиялық талаптардан алшақтағаны, биліктің әкімшілік құралдарды қитұрқы қолданғаны кеңінен әшкереленді. Ресми биліктің имиджіне орасан нұқсан келді. Мемлекет басшысының саясатына наразылық күшейді. Қырғызстан экономикалық көрсеткіштері бойынша да ТМД-дағы ең кедей елдер санатына қосылды. Күнкөріс қамымен жұмысқа қабілетті қарғыздардың үштен бірі шетелге, негізінен Ресей мен Қазақстанға ағылды. Әлеуметтік жүйенің тығырыққа ұшырауы республикадағы оппозицияның ықпалын арттырды. Бұрынғы сыртқы істер министрі Роза Отунбаева, Ішкі істер министрі Феликс Кулов, «Еркіндік» партиясының көшбасшысы Топчубек Тұрғұналиев, басқа да саясаткерлер қуғын-сүргінге ұшырады.
Асқар Ақаевтың өзі айналасындағы жағымпаздар мен авторитарлық одақтастарының үгіттеуімен төртінші мәрте президенттіке түсетінін мәлімдеді. Осы мақсатқа дайындық ретінде 2005 жылдың наурызында өткен парламенттік сайлауларға түрлі желеулермен оппозиция мүлде жіберілмеді. Есесіне заң қабылдаушы орынның жаңа құрамына тек Ақаевтың жақтастары ғана, олардың ішінде қызы Бермет пен ұлы Айдар енді. Елдегі онсыз да күрделі ахуалды кедейшілік, жемқорлық, шет елдерге кіріптарлық асқындыра түсті. Соның бір көрінісі ретінде Қытайға беталбаты жер беруге қарсы шыққан Ақсый кентінің тұрғындарына қарсы қару қолданылып, қан төгілді.
Бұның арты революцияға ұласты. Қырғыз мемлекеті шартты түрде солтүстік пен оңтүстікке бөлінген. Оның дені солтүстікпен салыстырғанда экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан артта қалған оңтүстіктің өкпе-реніштерінен туындайды. Сондықтан іс насырға шапқанда «солтүстік өкілі» Ақаевқа қарсы бірінші бас көтерген оңтүстіктегі Ош, Жалалабад секілді өлкелер болды. Олар бұрын премьер-министр болған өзінің жерлесі Құрманбек Бәкиевтің айналасында топтасып, оны президенттікке ұсынды. Жергілікті билік орындары көтерілісшілердің бақылауына көшті. Унитарлы мемлекеттің екіге бөлініп кету қаупі туындады. Енді оңтүстіктен шыққан колонна Бішкекке беттегенде Феликс Кулов, Роза Отунбаева, Алмазбек Атамбаев, Ишенкүл Болджурова, Өмірбек Текебаев секілді жергелікті оппозицияның өкілдері ашынған халыққа қосылды. Танымал саясаткерлермен қатар наразылық әрекеттерін Баямен Еркінбаев, Жырғалбек Сұрабалдиев, Рыспек Акматбаев сынды қылмыстық әлемнің серкелері қаржыландырды.
Әп-сәтте елдің барлығы көтеріліске қосылып, Асқар Ақаев пен оның туыстары елден қашып, Ресейді паналауға мәжбүр болды. Жаңа президент болып Құрманбек Бәкиев тағайындалды.
Бірақ та, елде қордаланған түйткілдер бұнымен шешілмек тұрмақ одан бетер асқынды. Көп кешікпей демократия мен әділдік ұрандарын көтеріп келген Бәкиевтің өзі авторитаризм жолына түсті. Кешегі өзін билікке алып келген үзеңгілестерін – Кулов, Отунбаева, Атамбаевтарды қудалауға көшті. Сондықтан 2006-2009 жылдар аралығы реакцияның күшеюі, демократияның шектелуі, жемқорлық пен шенділердің жүгенсіздігі шыңырау шегіне жетумен сипатталды. Елде жаңадан революциялық жағдай пісіп-жетілді. Бұл драма 2010 жылы екінші мемлекеттік төңкеріске алып келді. Алайда, Бәкиевтің Ақаевтан ерекшелігі – ол президенттіктен өз еркімен кетуден бас тартып, жақтастарын қарулы түрде қарсылық танытуға үндеді. Президент пен оппозиция өкілдері солтүстік пен оңтүстікке ажырап, қантөгіс болды. Қырғызстанда азаматтық соғыс отының тұтану қаупі туындады. Оның үстіне орталық билік әлсіреген жағдайда Ферғана аумағына тығыз орналасқан қырғыз бен өзбек тұрғындарының арасында ұлтаралық жанжал өршіді.
Осы арада жағдайды жедел тұрақтандыру мақсатында қырғыз басшылары ТМД Ұжымдық кауіпсіздік кеңесінің әскерлерін көмекке шақырды. Бұл өтініш талқыланып жатқанда Ресей мен Қазақстан президенттерінің тікелей араласуымен Бәкиев кезіндегі Ақаев ізімен туыстарымен бірге Қырғызстаннан шығарылып, Беларусь жерінен саяси баспана алуға мәжбүр болды.
Ендігі ретте қырғыз элиталары мемлекетті басқару ісінде, оның орнықты болуын қамтамасыз етуде бір президентті екіншісімен алмастыра салған жеткіліксіз деген ұйғарымға келді. Жаңа конституциялық реформа ұсынылды. Оның басты шарты мемлекет президенттік-парламенттік жүйеден қайта парламенттік жүйеге оралуы болды. Өтпелі кезеңде Қырғызстанның уақытша президенті қызметіне Роза Отунбаева тағайындалды. Осылайша республиканың жаңа Конституциясы қабылданып, оның талаптарына сай 2011 жылдың қаңтарында жаңа президент болып Бәкиев билігі тұсында премьер-министр болған Алмазбек Атамбаев сайланды.
Қырғыз мемлекетінің президенттік жүйеден парламенттің басқару жүйесіне көшуі бірқатар қиындықтарға әкеп соқты. Әсіресе 2011-2013 жылдарда елде митингілік толқулар, партиялар арасында текетірес, саяси дағдарыс секілді келеңсіздіктер жиіледі. Өз кезегінде саяси реформаларға, алған бетінен қайтпайтындығына отандастарын сендіру мақсатында Алмазбек Атамбаев екінші президенттік мерзімге қалмайтыны жайлы мәлімдеме жасады. 2017 жылы оның орнына өзі секілді ресейшіл бағытты ұстанған Сооранбай Жээнбеков сайланды.
Бірте-бірте Қырғызстандағы қоғамдық-саяси ахуал тұрақталғандай. Халықтың өзі де шексіз толқулардан шаршады. Баяу болса да, экономиканың түрлі салалары, әсіресе кен байыту, ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп әлсін-әлсін даму үстінде. Шетелдік, негізінен алғанда, Қытай мен Ресей компанияларының инвестициялары құйылып, бірқатар инфрақұрылымдық және энергетикалық жобалар қолға алынды. Алайда, бұндай өсім Қырғыздың қос революция кесірінен құлдыраған деңгейін қалыпқа келуін қамтамасыз ете алмауда. Тиісінше елдегі әлеуметтік, экономикалық, идеологиялық жағдай аса күрделі қалыпта сақталып отыр. Әлсіз болғаннан кейін Қырғызстанның сыртқы күштерге де тәуелді. Бішкектен алыстаған сайын жер-жерде орталық биліктен гөрі жартылай криминалды, жартылай радикалды діни көзқарасты ұстанған топтардың ықпалы басым. Ал, заң жүзінде бекітілген саяси жүйе түпкілікті орнап үлгермегендіктен, республиканы бейбіт те тұрақты даму векторына шықты деп санауға әлі тым ерте.
P.S. Қоғам – тірі организм секілді, дамып өзгеріп отыруы шарт. Бұл – табиғи заңдылық. Ең тиімдісі – әйтеуір болатын өзгерістердің саналы да жоспарлы түрде уақтылы жүзеге асқаны. Керісінше дамудың орнын тоқырау басса, қоғам не іштей солып өшіп тынады, не күндердің бірінде жарылады. Алайда көтеріліс нәтижесінде биліктің ауысуы автоматты түрде өмірдің оңалып кетеді дегенді білдірмейді. Әдетте бұл – қауіп-қатерге толы қиын жолдың басы ғана. Одан аман өту үшін жалаң намыс пен көзсіз батылдық жеткіліксіз. Жағдай мейлінше қауіпсіз дамуы үшін асқан қырағылық пен жауапкершілік, ұлт жанашырларының ортақ мүддеге бағынуы керек. Айтуға оңай көрінгенімен шынайы өмірде осы міндет екінің бірі бағындыра алмайтын асуға айналады.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Мнение автора может не совпадать с позицией редакции.
Дереккөз: https://informburo.kz