Қос хаски қуантып жүр

0

Балаларға мұндай қуанышты осы ауылдағы Новопавлов орта мектебінің директоры Хамит Ғаб­дуллин сыйлады. Оның екі хаски иті бар. Сібірліктер ша­наға жегетін, тегі қасқырдан шық­қан, төркіні америкалық қос ит балалардың кәдімгі шанасын тартқанда шаршауды білмейді. Итке ауыр болмас үшін шанаға екі баладан мінеді.

– Бұл итте қасқырдың қаны бар, ақылды, жалпы адамға тиіспейді. Балаларды ойнатқанда қауіпсіз. Бірақ малға тиеді. Сон­дық­тан торда ұстаймыз, – дейді Хамит Уәлиұлы. – Қалың қарда бала­лардың ит шанаға мініп, итпен бірге қарға аунап жатқаны қарап тұрсаңыз, қандай ғажап көрініс! Ауыл баласының табиғаттан алыстамағаны тәрбие тетігі деп білемін.

Хамит Уәлиұлының өзі де бала кезінен ит ұстауға құмар бол­ған. Хал­қы­мыздың жеті қа­зынасынан орын алған иттің түр­лі тұ­қымын асыраған. Ауыл баласы­на қауіпсіздігін ойлап, соңғы жылдары хаскиге тоқ­тапты.

– Хаскиді менің туған күніме туыстарым сыйлап еді. Иттің бұл тұ­қымы «бабасы» секілді қосақ­талып немесе үйірімен жүргенді ұна­­татын болғандықтан, бір ит жал­ғызсырамасын деп, екіншісін өзім сатып алдым, дейді ауыл педагогы.

Хамит Уәлиұлы мектеп оқушы­ларын туған жерді тануға тәрбиелеп келеді. Туған өлкеге жасаған экспедициялары бөлек әңгіменің желісі. Облыстағы санаулы скауттардың белсенділері де осы ауылда. Өзі республикалық скауттар ұйымы облыстық филиалының жетекшісі. Бала тәрбиесін басты мәселе деп түсінетін ұстаздың жеке бастамалары да таусылмайды. Ауылдағы балалар шанасын сүйреп жүрген хаскилер соның бірі ғана.

 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы,

Қарасу ауданы,

Новопавлов ауылы

Дереккөз: http://egemen.kz/