Қос елшіге алғыс білдірді | «Айқын» газеті
Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Чех Республикасының Қазақстандағы елшісі Элишка Жигованы және Жапонияның біздің еліміздегі елшісі Итиро Кавабатаны дипломатиялық қызметтерінің аяқталуына байланысты қабылдады.
Сенат төрағасы Қазақстанның Чехия және Жапония мемлекеттері арасындағы саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы жан-жақты ынтымақтастықты нығайтудағы нәтижелі әрі ауқымды еңбектері үшін елшілерге алғыс білдірді.
Қ.Тоқаев Чехияға қатысты біздің мемлекеттеріміздің арасындағы ең жоғары деңгейдегі қарым-қатынастар, оның ішінде заң шығару органдарының үнқатысуы қарқынды сипатқа ие болғанын атап өтті. Чехия Парламенті қос палаталарының басшылары Астанаға бірнеше рет сапарлап келген болатын.
Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастық туралы айта келіп, Сенат басшысы Президент Н.Назарбаевтың 2016 жылғы қараша айында Жапонияға жасаған сапарының ерекше маңызына тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Жапония Парламентімен қатынастарды одан нығайтуға ықыласты екенін айтып, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың зор келешегін атап өтті.
Жүздесу соңында Қ.Тоқаев елшілерге алғыс хаттарын табыстады.
Айхан ШӘРІП
Дереккөз: Айқын