Қорықшыны атып өлтірген үш браконьер өмір бойына бас бостандығынан айырылды

0

Өңірлер

Қысқа сілтеме алу

3 0 0

Қарағандыда қорықшыларға шабуыл жасап, олардың біреуін өлтіргендерге 21 ақпан күні сот үкімі шығарылды

ҚАРАҒАНДЫ, 21 ақпан – Sputnik. Қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің өліміне және оның әріптесі Петр Ницыкке жасалған қастандыққа қатысы бар үш браконьер өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі сот залынан.

Сотталушылар орындығында барлығы жеті адам болды. Ең жоғарғы жаза Берік Ахметов, Қайрат Ақшанов пен Нұрлан Шүкілдіковке берілді.

Қалған төрт айыпталушы: Б. Базаров, Б. Қайырбеков, Ж. Мырзабаев және А. Әкімов заңсыз аң аулағаны үшін алты жылға сотталып, бес жылға осы қызметпен айналысу құқығынан айырылды.  


©
Sputnik / Анастасия Багрова

Үш сотталушы кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Сот сонымен бірге сотталғандарды зардап шеккен инспекторға және қайтыс болған қорықшының туыстарына моральдық және материалдық зиянды өтеуге міндеттеу туралы шешім қабылдады.

Қорықшыны өлтірген браконьер сотта жылап жіберді – видео

Сонымен, сотталушылар зардап шеккен Петр Ницыктің пайдасына 500 мың теңге материалдық және 6 миллион теңге моральдық шығынды өтеуі тиіс.


©
Sputnik / Анастасия Багрова

Сот сотталғандарды зардап шеккен тарапқа моральдық және материалдық шығынды төлеуге міндеттеу туралы шешім қабылдады

Қаза болған инспектордың ағасы Н. Нұрғалиевтың пайдасына 500 мың теңге материалдық және 9 миллион теңге моральдық шығынды төлеуі керек. Қайтыс болған инспектордың ұлының пайдасына сотталушылар 1 миллион 890 мың теңге көлемінде материалдық залалды және 15 миллион теңге көлемінде моральдық шығынды төлейді.


©
Sputnik / Анастасия Багрова

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ және сотталғандар оған шағымдануға құқылы

Сондай-ақ, ақбөкенді ату салдарынан қоршаған ортаға келтірілген 89 миллион 763 мың 750 теңге материалдық залал барлық сотталған адамдардан мемлекет пайдасына өндірілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ және сотталғандар оған шағымдануға құқылы.

Инспектор браконьер қолынан қаза тапты

Еске сала кетсек, 2019 жылдың 13 қаңтарында Қарағанды облысы Нұра ауданында браконьерлер «Охотзоопром» кәсіпорнының екі инспекторына шабуыл жасаған болатын.

Қорықшылар Ерлан Нұрғалиев пен Петр Ницык күдікті аңшылардың құжаттары мен көліктерін тексермек болыпты. Көлікті қарап жатқан қызметкерлерге үш браконьер тап беріп, соққыға жыққан. Салдарынан Ерлан Нұрғалиев жарақат алып, ауруханада көз жұмды.

Қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін марқұм қорықшы ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен наградталды. Оның әріптесі Петр Ницык те дәл сондай орден алды.



sputniknews.kz