Қорықшы өлімі: ІІМ күдіктілердің суретін жариялады

0

Ішкі істер министрлігі «Қарағанды облысында қорықшыларға шабуыл жасады» деген күдіктілердің суретін жариялады. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Іздеу жарияланған күдіктілердің аты-жөндері — Б.М. Ахметов, Н.М. Шукилдиков, К.В. Акшанов. Министрліктің хабарлауынша, күдіктілерге халықаралық іздеу жарияланған.

17 қаңтарда Астанада журналистер сұрақтарына жауап берген ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов полиция күдіктілердің анықталғанын, олардың Қызылорда облысының тумалары екенін айтқан.

15 қаңтарда Қарағанды облысының Нұра ауданында «Охотзоопром» республикалық мекемесінің инспекторы Ерлан Нұрғалиев киіктер мен сирек кездесетін жануарларды қорғау рейді кезінде браконьерлер қолынан ауыр жараланып, қайтыс болған.

Оқи отырыңыз: Қорықшы қазасына кінәлілер жазалана ма?

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 13 қаңтарда кешке Toyota Land Cruiser көлігіндегі белгісіз үш адам олардың ізіне түскен инспекторлар Ницык пен Нұрғалиевке қарсылық танытып, шабуылдаған. Арада екі сағат өткенде полиция мен инспекторлар шабуылдан жараланған инспекторларды тапқан. Басынан ауыр жараланған Ерлан Нұрғалиев 14 қаңтарда Астанадағы №1 қалалық емханаға жеткізілген. Бір күннен аса ес-түссіз жатқан Нұрғалиев 15 қаңтарда қайтыс болған. Марқұм 17 қаңтар күні жерленді.

Дереккөз: Азаттық