Қорықшы Ерлан Нұрғалиев ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен наградталды

0

«Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторы Ерлан Нұрғалиев 13 қаңтарда сирек кездесетін және құрып кету қаупi бар ақбөкендерді қорғау барысында браконьерлердің қолынан ауыр жарақат алып, қаза тапқан болатын. Бұл жайында ең әуелі АШМ Орман шаруа­шы­лығы және жануарлар дүниесі коми­тетінің баспа­сөз ­хатшысы Сәкен Діл­дахмет хабарлаған еді.

Инспекторлар 2019 жылдың 13 қаңтарында Қарағанды облысының Нұра ауданына рейд жа­сау­ға шығып, атылған 5 киік­ті тауып алған. Сондай-ақ оқиға барысында нөмірлері тіркелмеген Toyota Land Cruiser маркалы екі авто­кө­лікті көрген. Белгілі болғандай, көлікті тінту барысында оларға белгісіз біреулер қарсылық көрсеткен. Соның салдарынан бір инспектордың жағы сынып, ал екінші инспектор бас-сүйек жарақатын алып, біршама уақыт ауруханада ес-түссіз жатқан. Алайда, дәрігерлер екінші инспектордың өмірін сақтап қала алмады. Ерлан Нұрғалиев бір тәуліктен астам Астана қаласындағы №1 аурухананың қарқынды терапия бөлімінде өкпені жасанды желдету арқылы ес-түссіз жатып, көз жұмды.

Осы оқиғаға байланыс­ты ҚР Қылмыстық кодексінің 2-бабы­на сәйкес қылмыстық іс қозғалып, кү­дік­тілерді қолға түсіру жұмыстары жүргі­зілді. Қарағанды облысындағы инспекторларға шабуыл жасау ісін еліміздің Бас прокуроры Қайрат Қожамжаров жеке бақылауына алды. Кейінірек, кешенді тергеу жұмыстарынан кейін қылмысқа қатысы бар үш адам анықталып, оларға мемлекетаралық іздеу жарияланды. Ішкі істер министрлігі хабарлағандай, К.В. Ақшанов, Б.М.Ахметов және Н.М.Шүкілдеков инспектор өліміне күдікті азаматтар деп жарияланған болатын.

Еске сала кетейік, Ерлан Нұрғалиев 1966 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Мамандығы – дене шынықтыру және әскери дайындық пәнінің оқытушысы. 2012 жылғы наурыздан бастап «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Қарағанды тірек пунктінде орталық аймақтық филиалдың инспекторы қызметін атқарды.

Сондай-ақ дәл осындай орденмен Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторы Ницык Петр Алексеевич марапатталды.

Дереккөз: http://egemen.kz/