«Қорлау» бабымен сотқа тартылған белсенді Молдин ақталды

0

36 жастағы Молдиннің үстінен ақтөбелік көп балалы әйелдер «қорлады» деп шағымданған. Осыдан кейін белсендінің үстінен Қылмыстық кодекстің 131-бабы 2-тармағы («Қорлау») бойынша іс қозғалған.

Белсендінің үстінен шағымданған көп балалы әйел Гүлмира Бимағамбетова 9 қаңтар күнгі жарыссөз кезінде «Облыс әкімдігі жанына көп балалы әйелдер жиналған кезде Молдин бізді «малсыңдар», «тобырсыңдар» деп қорлады. Сол сөздері үшін кешірім сұрасын, тиісті жазасын алсын!» деді.

Молдинді айыптағандардың тағы бірі Сәнімкүл Сүйінбаева «2019 жылғы 6 қыркүйек күні біз облыс әкімдігіне жетіскеннен барған жоқпыз. Әлеуметтік қиындықтарымызды айта бардық. Биліктен біреу көмір, біреу жәрдемақы, енді біреулер баспана сұрады. Онсыз да қиналып жүрген аналарды қорлаған Молдин жауапқа тартылсын!» деп сұрады.

Әлібек Молдин өзіне тағылған айыпты «жала» деп санайды.

— Белсенді азаматтық позициям ұнамаған соң билік маған көп балалы әйелдерді айдап салды. Үстімнен қылмыстық іс қозғатты. Сотқа менің үстімнен шағымданған Гүлмира Бимағамбетова жақында баспаналы болыпты. Осы әйелдердің «қала басшыларының арқасында көп проблемамыз шешілді» деп әкімдікте алғыс айтып тұрғанын өз құлағыммен естідім. Меніңше, мұның бәрі кездейсоқтық емес, — дейді Әлібек Молдин сотта.

Жаңа жылды жаңа пәтерде қарсы алғанын көп балалы ана Гүлмира Бимағамбетованың өзі де растап отыр. Айтуынша, бұл – оның 8 жыл бойы кезекте тұрып, сатып алу құқығымен жалға алған пәтері.

Белсенді Әлібек Молдиннің жақтастары үкімді тыңдап тұр. Ақтөбе, 9 қаңтар 2020 жыл.

Белсенді Әлібек Молдиннің жақтастары үкімді тыңдап тұр. Ақтөбе, 9 қаңтар 2020 жыл.

Әлібек Молдинді қолдау үшін 9 қаңтар күні сот залына 20-дан астам белсенді жиналды. Олар сот жарыссөзі мен үкім жарияланар аралықтағы 1,5 сағат бойы ешқайда кетпей, күтіп отырды. Үкім шығар сәтте сот дәлізінде полиция қызметкерлерінің қарасы көбейгені байқалды. Үкім оқылатын залда сот приставтары да әдеттегіден көп болды. Cот белсенді Молдинді ақтаған соң шағымданушы Гүлмира Бимағамбетова апелляциялық шағым түсіретінін я түсірмейтінін ашып айтпады, бірақ «бәрінен шаршап кеттім» деп қолын бір сілтеді.

Сотқа Әлібек Молдинді қолдау үшін келген жергілікті белсенділердің бірі Ақтамақ Көптілеуова «көп балалы аналарды белсенді емес, билік басындағылар жүйелі түрде қорлап келеді» деп санайды.

— Елбасы (Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айтады – ред.) көп балалы әйелдерге қарата «Бала табарда билікпен кеңесіп пе едіңдер? Өз күндеріңді өздерің көріңдер!» деді. Дариға Назарбаева мүгедектерді «уроды» деп қорлады. Бұл әйелдер сотқа бергіш болса, неге соларды бермейді? Нағыз қорлау сол емес пе? Қолында билігі жоқ белсендінің халыққа жаны ашып, намыстарын қайрау үшін айтқан сөзін қорлау деп бағалауға болмайды, — дейді Ақтамақ Көптілеуова.

Молдин ісі бойынша өткен сот процестерінің бірінде Ақтөбе облысы әкімдігінің жанында түсірілген видео айғақ көрсетілді. Видеодан көп балалы әйелдердің әкімдікке жиналғанын көруге болады. Наразы топпен Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева сөйлесіп тұр. Сәлден соң наразы топ Арынғазиеваның соңынан ілесті. Осы кезде кадр сыртындағы ер адамның «мал болып өтесіңдер, халықтың тобыр екенін осыдан білуге болады» деген дауысы естілді. Арызданушылар Гүлмира Бимағамбетова мен Сәнімкүл Сүйінбаева «Бұл – Молдиннің дауысы. Ол бізді қорлады» дейді.

Молдиннің адвокаты Сисембай Ділмановтың айтуынша, «мал болып өтесіңдер, халықтың тобыр екенін осыдан білуге болады» деген сөйлемге психологиялық, филологиялық сараптама жасалған.

— Сарапшылар бұл сөйлемде адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау сипатындағы сөздер бар, алайда әдепсіз түрде айтылған лексема жоқ деп тұжырым жасады. Ал қылмыстық кодекстің 131-бабында «қорлау дегеніміз адамның абыройын, қадір-қасиетін әдепсіз түрде кемсіту» деп айтылған. Демек, Молдиннің ісінде қылмыс құрамы жоқ, — дейді адвокат.

Белсенді Әлібек Молдин сот құжаттарымен танысып тұр. Ақтөбе, 22 қараша 2019 жыл.

Белсенді Әлібек Молдин сот құжаттарымен танысып тұр. Ақтөбе, 22 қараша 2019 жыл.

Белсенді Молдин 2016 жылғы жер митингілері, 2019 жылы биліктен әділ сайлау өткізуді талап еткен наразылық шараларына, Қазақстандағы Қытай жобаларына қарсы акцияларға қатысқан.

Молдин былтыр 6 шілде Астана күні қарсаңында және 16 желтоқсанда Тәуелсіздік күні алдында елде тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының (Еуропарламент ҚДТ-ны бейбіт оппозициялық қозғалыс деп атаған) билікке қарсы шақырған митингілер алдында ұсталып, «бейбіт митинг өткізу заңын бұзды», «полиция бағынбады» деп әкімшілік жауапқа тартылған. Белсенді ҚДТ қозғалысына қатысы жоғын, бірақ бағдарламасын қолдайтынын айтады.

2019 жылы Молдиннің үстінен «митинг ережесін бұзды» деп жалпы төрт рет әкімшілік іс қозғалған.

9 қаңтарда Түркістан облыстық соты «Жала жабу» және «Қорлау» бабымен 2 жыл 3 айға сотталған журналист Амангелді Батырбековті ақтаған.

Azattyq