қорғаушы полицейлердің куәгер ретінде келіп жүргенін айтты

0
72
Қоғам

Қысқа сілтеме алу

24 0 0

Қорғаушы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің істе куәгер болып жүргенін айтты

АЛМАТЫ, 25 желтоқсан — Sputnik. Марқұм мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің отбасының қорғаушысы Нұрлан Өстеміров спортшының өліміне себеп болған айна ұрланған сәтке екі полицейдің куәгер болуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды тілшісі.

Қорғаушының айтуынша, полицейлер істе куәгер болып жүр.

«Сол жерде полицейлер көлікте отырған. Отырған жерін ескеретін болсақ, олар барлығын көрген. Кімнің айнаны шешіп алғанын көрді деп болжаймын. Олар іске куәгер ретінде қатысып жүр және сотқа шақырылатын болады», — деді Өстеміров тілшісіне.

Денис Тенді тапсырыс беріп өлтірген бе?

Денис Теннің өліміне қатысты істің алғашқы отырысы 25 желтоқсан, сейсенбі, күні басталды. Жәбірленуші тараптың қорғаушысы Нұрлан Өстеміров соттан істі қосымша тергеуге жіберуді сұрады.

Оның айтуынша, іс материалдарында қарама-қайшы тұстар кездесіп, олар спортшының тапсырыспен өлтірілгенін меңзейді.

«Іс материалдарымен танысып, келтірілген айғақтар ішінде шамамен 14 қарама-қайшылықтың бар екеніне назар аудардық. Олардың барлығы дерлік қылмыстың арнайы тапсырыспен жасалғанына меңзейтіндіктен, тергеу жан-жақты болуы үшін басқа да қатысушыларды тарту қажет. Жәбірленуші тарап олардың аты-жөндерін анықтау үшін істі басты сот қаралымын белгілемей тұрып, прокурорға қайтару керек деп отыр», — деді Нұрлан Өстеміров.

Алайда төрағалық етіп отырған судья бұл өтінішті қанағаттандырмай, басты сот отырысын 2019 жылдың 3 қаңтарына белгіледі.

Денис Теннің өлімі

25 жастағы мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада-2014 қола жүлдесінің иегері Денис Тен 2018 жылдың 19 шілдесінде Алматының орталығында кісі қолынан көз жұмды. Түс кезінде оған автомобиль айнасын ұрлаушылар шабуыл жасап, пышақпен жарақаттады. Спортшы ауруханаға жеткізілгенімен, көп қан жоғалтып көз жұмды.

Өліміне күдіктілер екі күн ішінде ұсталды. Айыпталушылар орындығында — Арман Құдайбергенов, Нұралы Қиясов және олардың сыбайласы Жанар Толыбаева.


Дереккөз: https://sputniknews.kz/