Қорғау тарабы «қылмыс құрамы жоқ болғандықтан істі тоқтатуды» сұрады

0
31

Қарағанды соты «сеніп тапсырылған мүлікті иемденді» деп айыпталған бұрынғы энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупа мен «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры» басқармасының бұрынғы төрағасы Қайсар Байдалы және ENERCO компаниясының директоры Ерлан Нәбиевтің ісін қарай бастады. Айыпталушылар тағылған айыпты «абсурд» деп атады.

25 желтоқсанда өткен алдын ала тыңдау кезінде айыпталушылардың адвокаттары соттан «қылмыс оқиғасы мен құрамы жоқ болғандықтан» істі тоқтатуды сұрады және істі прокурорға қайтаруды өтінді.

Бұрынғы энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупа сотқа сеніп тапсырылған мүліктің жымқырылуына еш қатысы жоғын айтып, айыптың негізсіз екенін жеткізді. Шкарупа сонымен бірге іс материалдарымен толық танысуға мүмкіндік берілмегенін айтып, 37 күннен бері сот санкциясынсыз қамауда заңсыз отырғанын айтты.

Бұл іс бойынша екінші айыпталушы Қайсар Байдалы да 21 қарашадан бері сот санкциясынсыз қамауда заңсыз отырғанына шағымданды. Айыпталушылар мен олардың адвокаттарының айтуынша, қылмыстық іске түрткі болған орталық қазандық құрылысы толық бітпегендіктен жылу өлшегіш құралдары да пайдалануға берілмеген. Олардың айтуынша, ол үшін жекелеген адамдар да жазаға тартылған. Ал айыпталушылардың бұл іске еш еш қатысы жоқ.

– Мен Сарань қаласының әкімі болдым және лизинг туралы келісім бойынша тараптарға жатпаймын. Неге екені белгісіз, жәбірленуші тарап ретінде танылған қор жылу өлшегіш құралдарын сатып алған бағадан гөрі қымбатқа сатқан. 189 мллион теңгеге сатып алып, сосын бұл өлшегіш құралдарды 215 миллион теңгеге сатты. Олай болса, қорға шығын келді деп қалай айтуға болады? Мүлдем негізсіз. Айыптау актісінде 104 миллион теңге жайлы айтылады, ал сол кездегі бас прокурор Қауіпсіздік кеңесінде мені 215 миллион теңгенің жымқырылуына қатысы бар деп мәлімдеді. Бұл бассыздық. Мен прокурорларға сенбеймін, бірақ сот созылып кетпес үшін оларды ауыстыр демеймін, – деді эмоцияға беріліп сөйлеген Анатолий Шкарупа.

Ол соттан «өзіне байланысты заң бұзғандарды жасырғаны үшін және әрекет жасамағаны үшін» Қарағанды облыстық прокуратурасына жеке қаулы шығаруды сұрады.

Өзге айыпталушылар да өздерінің ақша жымқыру ісіне қатысы жоғын айтты. Айыпталушы Ерлан Нәбиев сотта бұған дейін өзіне моральдық қысым жасалғанын айтты. Оның адвокаты «Нәбиевке тәуелді емес жағдай бойынша міндеттердің толық орындалмай қалуы қылмыстық қудалауға негіз бола алмайды» деді.

Істі әдетте жемқорлық бойынша ірі істерді қарайтын Қазыбек аудандық сотының судьясы Жанат Егембердиева қарап жатыр. Процеске айыптау жағынан екі прокурор Тамабаев және Жақанов қатысып жатыр. Олар қорғау тарабының барлық өтініштерін қанағаттандырмауды сұрады.

Жәбірленуші тарап ретінде «Қазақстандық тұрғын үй коммуналды шаруашылығын жаңғырту мен дамыту орталығы» танылған. Бірақ ұйым өкілі бүгін сотқа келмеді.

Үшеуіне де «Сенiп тапсырылған аса ірі көлемдегі бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша айып тағылған. Бұл бап бойынша 7-12 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

2018 жылы қазанда Қазақстан энергетика министрінің орынбасары болып тағайындалған Анатолий Шкарупа сол жылы қарашада тұтқындалған.

Тергеу болжамы бойынша, Анатолий Шкарупа Қарағанды облысы Сарань қаласының әкімі болған тұста орталық жылу желісі мен қазандығы жоқ қаладағы тұрғын үйлерге «жылу есептеуге арналған аспаптарды сатып алу және орнату үшін» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қорына бюджеттен бөлінген ақша қолды болған. Тергеушілер аталған қор ENERCO компаниясына 215 миллион теңгеден астам қаржыны заңсыз аударған деп санайды. 44 жастағы Анатолий Шкарупа тағылған айыпты мойындамайды.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз