«Қорғас» жақын арада өз жұмысын бастауға тиіс — Смайылов

0

Талдықорғанда премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Жетісу облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері қаралды, — деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Премьер-министр логистиканы дамыту облыстағы перспективалы бағыттардың бірі екенін айтты. Ол пандемия басталғаннан бері «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы тоқтап тұрғанын, алайда қазір қытай тарапымен оны ашу туралы келісімге қол жеткізілгені туралы айтты.

«Қорғас» жақын арада өз жұмысын бастауға тиіс. Енді дайындық жұмыстарын жеделдетіп, Орталық қызметіне тартылған барлық құрылымның өзара іс-қимылын қамтамасыз ету керек», — деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар, Әлихан Смайылов жоспарланып отырған инвестициялық жобаларды уақытылы іске қосудың және өңірді қолжетімді бағада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етудің маңызын атап өтті.

Премьер-министр уәкілетті мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді: елді мекендерде газ тарату желілерін, «Талдықорған-Үшарал» магистраль газ құбырын салу, Талдықорғанда «Басқуат» қазандығын қайта жаңарту және Текелінің тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелерін пысықтау қажет.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы 6 ауылда сумен жабдықтау жүйелерін реконструкциялау мен салуға, 15 апаттық жағдайдағы көпірді жөндеуге, Ақсу орталық аудандық ауруханасын жөндеуге және сейсмикалық жағынан күшейтуге қаражат бөлу мәселелерін қарастыру, сондай-ақ, Кербұлақ ауданының ауруханасын жөндеуге және Талдықорғанда 500 қабылдауға арналған емхана салуға қаражат қарастыру қажетіне назар аударды.

Энергетика министрлігіне Алакөл жағалауындағы туристік нысандарды үздіксіз электрмен жабдықтау үшін желілер құрылысын кезең-кезеңмен қаржыландыру мәселесін қарастыру, Ұлттық экономика министрлігіне инженерлік инфрақұрылым салу және Балқаш көлінің жағалауын абаттандыру жөніндегі бюджеттік бағдарламалардың әкімшісін анықтау тапсырылды.