Қорғаныс және аэроғарыш министрлігі отандық өндірушілер мемтапсырыстан шеттелетінін жоққа шығарды

0
99

2018 жылғы 21 желтоқсан 13:32 127

Қорғаныс және аэроғарыш министрлігі отандық өндірушілер мемтапсырыстан шеттелетінін жоққа шығарды


АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Қорғаныс және аэроғарыш министрлігі «Жасампаз» консорциумының Парламент депутаттарына жолдаған өтініміне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын отандық кәсіпорындарды біріктіріп тұрған «Жасампаз» консорциумы мемлекеттік қорғаныс тапсырыстарының (МҚТ) орындалуы бойынша жаңа заң жобасына күдіктерін білдіріп, Парламент депутаттарынан аталмыш мәселеге назар аударуды сұраған еді.

Аталмыш министрліктен хабарлағандай, «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныс тапсырысы туралы» жаңа заң жобасында мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындаушы ретінде заңды тұлғалар бірлестігінің (консорциумның) қатысуы шектелетіндігі туралы ақпарат дұрыс емес.

«Консорциум» түсінігі заңнамалық тұрғыда Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде бекітілген. Заң жобасында кәсіпорындар Отандық тауар өндірушілердің, тасымалдаушылар мен қызметтердің реестрінің талаптарын сақтаған жағдайда консорциум ретінде бірігу мүмкіндігі бар. Мемлекеттік қорғаныс тапсырыстарын жүзеге асыруда консорциумдардың қатысуына ешқандай кедергі жоқ. Еліміздің қолданыстағы заңнамасына сәйкес, консорциумдар мемлекеттің кез келген саласына, соның ішінде МҚТ-ға да қатыса алады», – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметінен.

Атап өтілгендей, отандық өндірушілердің консорциумға бірігуі соңғы өнімді таңдау кезінде қазақстандық құрам үлесін арттыруға айтарлықтай үлесін қосады. Бұның МҚТ атқарушысын таңдауда үлкен маңызға ие екенін атап өту керек. ҚР Қорғаныс және аэроғарыш министрлігі отандық тауар өндірушілер мен қызмет көрсетушілердің пайдасына қарай, тіпті отандық тауар бағасы басқа өндірушілерден 10 немесе 20 пайызға қымбат болған жағдайда да МҚТ нормаларын орындау ережелерін қарастыруға дайын.

«МҚТ орындалуына қатысуға жеңіл өнеркәсіп саласындағы отандық кәсіпорындардың үлесі ешбір шектелмейді. Бұрынғыша, реестрге кіргізуде талаптарға сай келетін, осы салада өнім өндіретін кәсіпорындардың көпшілігі МҚТ орындалуына қатыса алады. «Жасампаз» консорциумына келер болсақ, қазіргі уақытта оның қатысушылары ресстрде бар. Сондықтан, бұл жерде өндірісті тоқтату немесе жеңіл өнеркәсіп саласындағы 6 мың жұмысшыны босатылуы туралы айтылып тұрған жоқ», – делінген хабарламада.

Министрліктен хабарланғандай, қорғаныс саласындағы 2019 жылдың тапсырысы осы жылдың мамыр айында жоспарланып қойған. Сол себепті, МҚТ орындалуын құрылымдау, жариялау және орындау бөлігі туралы нормалар 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін күшінде болады.

«ҚР Қорғаныс және аэроғарыш министрлігі өз тарапынан «ашық диалогқа» әрдайым дайын. Министрлік барлық мүддделі тараптармен аталмыш мәселені талқылауға даяр», – делінген министрлік ақпаратында.

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz