Қорғаныс министрлігі: Жамбылдағы оқ-дәрі қоймасында тағы бір жарылыс болды
Жамбыл облысындағы өрт шыққан инженерлік оқ-дәрілер қоймасының аумағында бүгін 12.20 шамасында тарсыл естілді.
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, оқиға орнында адамдар болмаған.
«26 тамыз күні өрт болған инженерлік оқ-дәрі қоймасының аумағында бүгін, 29 тамыз күні 12:20 шамасында тарсыл естілді. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ, оқиға орнында ешкім болмаған. Қазір оқиғаның себептері анықталып жатыр», делінген ресми түсініктеме.
Еске сала кетсек, 26 тамыз күні кешкі сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймасынан өрт шығып, жойқын жарылыс болған еді. Салдарынан 13 адам қаза тапты.
Бүгін, 29 тамыз Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери және қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Жамбыл облысында әскери қоймадағы жарылыстан қаза тапқан азаматтарды мемлекеттік наградамен марапаттады.