Қорғаныс министрлігі белсенді Сагутдиновті әскерге жарамсыз деп таныды

0

Қазақстанның қорғаныс министрлігі медициналық комиссияның оралдық белсенді Аслан Сагутдиновті әскерге жарамсыз деп танығанын хабарлады. Оған 21 мамырда әскери билет тапсырылады.

Бұған дейін белсенді Аслан Сагутдинов «аневризм» диагнозына байланысты әскерге жарамсыз деп танылғанын, бірақ қоғамдық саяси белсенділігімен көзге түскен сайын әскери комиссариаттың өзін қайта-қайта шақыра беретінін айтқан еді.

Қорғаныс министрлігі 21 мамырда таратқан хабарламасында бұл ақпаратты жоққа шығарған.

«Бірқатар БАҚ-та жарық көрген мәлімет шындыққа жанаспайды. Әскерге шақырылған Аслан Ершатұлы Сагутдинов 2018 жылы күзде аудандық медициналық комиссия шешімі бойынша әскерге жарамсыз деп танылды және диагнозды растату үшін облыстық медициналық комиссияға жіберілген. Онда тағы тексеруден өту туралы акт алған. Алайда 2018 жылы әскерге шақыру кезеңі аяқталғанға дейін тексеруден келмеді. Осыған орай 2019 жылы 14 мамырда комиссияға қайта шақырылды» делінген қорғаныс министрлігі таратқан хабарламада.

Министрліктің хабарлауынша, 2019 жылдың 17 мамыр күнгі тексеру нәтижесі бойынша оның диагнозы расталып, әскерге жарамсыз деп танылған.

6 мамырда Орал қаласындағы орталық алаңға жазуы жоқ ақ плақатпен шыққан азаматтық белсенді Аслан Сагутдиновты полицейлер ұстап, бөлімшеге жеткізген. Ол интернетте жасаған видеомәлімдемесінде осылайша «елдегі адам құқығының ахуалын көрсеткісі» келгенін айтқан. Полиция бөлімшесінде үш сағаттан астам уақыт болғаннан кейін оны босатып жіберген. Белсенді кейінірек әкімшілік хаттама толтыру үшін полицейлердің одан ақ плакатқа бір нәрсе жазуды сұрағанын айтқан. Аслан Сагутдиновтің акциясы мен оны полицияның ұстағаны туралы халықаралық БАҚ жазды.

Оқи отырыңыз: Аслан Сагутдинов: «Егер өзгермесек, жағдай нашарлай бермек»

Azattyq