Қорғаныс министрлігі әскерилердің Украинаға жіберілетіні туралы қауесетті жоққа шығарды
Әлеуметтік желілерде қазақстандық әскери қызметшілердің Украинаға жіберілетіні туралы ақпарат тарады. Алайда еліміздің Қорғаныс министрлігі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлады, деп жазады StopFake.kz. Ведомствоның мәліметінше, Қазақстанның әскери қызметкерлерін Украинаға не басқа елдерге жіберу туралы мәселе қарастырылып жатқан жоқ. «Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери контингентін жіберу туралы шешімді ел президентінің тиісті ұсынысы негізінде парламент қабылдайды. Қазақстан әскери қызметшілерін Украинаға немесе одан басқа елге жіберу туралы сұрау түскен жоқ және тиісті түрде қаралып та жатқан жоқ. Жеке құрамды ауыстыруға, оқытуға, жаттықтыруға қатысты Қазақстан Қарулы күштерінің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік даярлығын арттыру шаралары жоспарлы түрде жүргізіледі. Сонымен қатар, биыл 25 ақпан мен 3 наурыз аралығында Батыс Қазақстаннан еліміздің оңтүстігіне қарай жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін темір жол көлігімен әскери техниканы жоспарлы ауыстыру жүзеге асырылып жатқанын хабарлаймыз. Одан өзге, аталған кезеңде Алматы облысынан Ақтау гарнизонының әскери бөлімін жасақтауға әскери автомобиль техникасы жіберілді», – дейді министрліктен.