Қорғаныс министрлігі Ақтөбе облысында ресейлік зымыран бөлшегі құлағанын растады

0

Қазақстан қорғаныс министрлігі Ақтөбе облысында ресейлік зымыран бөлшегі құлағанын растады.

«9 қаңтарда Ресейдің қорғаныс министрлігі сынақ орталығының жоспарлы оқу-жаттығуы кезінде бір зымыранның бөлшегі белгіленген орыннан тыс жерге құлады. Қазақстан мен Ресей арасындағы 1995 жылғы мемлекетаралық келісімге сәйкес, Ресей Қазақстан аумағынан полигонға жалға жер алған. Жарылыс болған жоқ» делінген министрлік хабарламасында.

Министрліктің хабарлауынша, оқиғадан ешкім зардап шекпеген. Тұрғындарға бөлшектің қаупі жоқ. Оқиға орнында полиция және төтенше жағдай мамандары жұмыс істеп жатыр.

«Осы келісімге сәйкес Ақтөбе облысының әкімдігі жанындағы Қазақстан-Ресей комиссиясы мән-жайды және себептерін анықтайды» делінген министрлік хабарламасында.

9 қаңтарда түскі сағат 14:30 шамасында Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Ноғайты ауылынан екі-үш шақырым жерде ауыл мен зират арасына әуеден белгісіз темір бөлшегі құлаған. Тұрғындардың айтуынша, ауданнан келген комиссия ол маңды қоршап, ешкімді жолатпай қойған.

Жергілікті билік сол күні темір бөлшек құлағанын растағанмен оқиғаға байланысты түсініктеме бермеді. Қорғаныс министрлігінің хабарламасы оқиғадан шамамен екі күн өткеннен кейін жарияланып отыр.

Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысында құлаған «беймәлім темір бөлшектің» не екені әлі анықталмады

Әлеуметтік желіде тараған суреттерде темір бөлшектің құлағаннан кейін де жанып жатқаны көрінеді.

Кейбір ауыл тұрғындарының сөзіне сүйенген Vesti.kg сайтының жазуынша, темір бөлшектің құлағанын телефонына түсіріп алған тұрғындарды сол суреттер мен видеоларды өшіруге мәжбүрлеген. Қазақстандық интернет-порталдардың бірі «темір бөлшектің құлағаны» туралы ақпаратты өшіріп тастаған.

Осыған ұқсас оқиға 2018 жылы шілде айында Батыс Қазақстан облысында болған. 4 шілдеде Қарасу және Жұлдыз ауылының ортасындағы далада аспаннан белгісіз объект құлаған. Объект құлаған маңда өрт болып, оны төтенше жағдай мамандары өшірген. Кейіннен жергілікті билік белгісіз заттың ресейлік зымыран бөлшегі екенін айтқан. Жергілікті экологтар бұл БҚО-ға жақын Ресейдің Астрахан облысындағы Капустин Яр сынақ алаңынан шыққан зымыран қалдығы деген. Мұндай оқиғалар Қазақстанның батыс өңірінде «сирек құбылыс» емес.

Azattyq