қорғаныс министрі Тоқаевқа есеп берді

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

4 0 0

Мемлекет басшысы қорғаныс министрінің Қазақстан әскерінің қазіргі ахуалы мен даму перспективалары туралы есебін тыңдады

НҰР-СҰЛТАН, 12 қараша – Sputnik. Қазақстан президенті – Қарулы күштердің Жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

Арыстағы жарылыстан кейінгі тексеріс

Ермекбаев президентке Арыс қаласындағы төтенше жағдайдың салдарын жою туралы баяндады. Әскери ведомство басшысының айтуынша, еліміздегі барлық оқ-дәрі қоймасына тексеру жүргізілген. Нәтижесінде аталған нысандарды қажетті қауіпсіздік деңгейіне жеткізу және оңтайландыру жоспары дайындалған.

Министрлік 450 миллион теңге үнемдейді

Қорғаныс министрі ведомствоның орталық аппаратының қызметіне функционалды талдау жүргізудің бірінші кезеңі туралы есеп берді. Оның айтуынша, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде министрліктің, бас штабтың және әскери басқарманың жергілікті органдарының 300-ден аса штаттық бірлігі оңтайландырылды. Соның есебінен 2020 жылдан бастап жыл сайынғы үнем 450 миллион теңгеден асатын болады. Бұл қаржы әскери құрамды материалдық тұрғыдан ынталандыруға бағытталады.

Тағы оқыңыз: Жаңа ту бекітілді деген ақпарат жалған – Қазақстанның қорғаныс министрлігі

Әскери шеруге дайындық

Сонымен қатар Ермекбаев Тоқаевқа кезекті әскер қатарына шақыру науқанының қорытындылары, қысқы оқыту маусымына дайындық және әскери техникаларды қысқы режимге көшіру жөнінде мәлімет берді.

Бұдан бөлек әуе қорғанысы мен әскери-теңіз күштерін дамыту, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған әскери шеруге дайындық, сондай-ақ, әскери қызметшілерді әлеуметтік тұрғыдан қорғау мәселелері қозғалды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Қарулы күштерін қазіргі заман талабына сай жасақтауға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.

Арыстағы жарылыс

24 маусым күні сағат 10 кезінде Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында жойқын жарылыс болды. Қала тұрғындары Шымкент пен көршілес аудандарға шұғыл көшірілді.

Тағы оқыңыз: «Басын қатерге тігіп жатыр»: қорғаныс министрі қазақстандықтарға үндеу жасады

Төтенше жағдай салдарынан төрт адам қаза тапты: екі әскери қызметкер, бір жергілікті тұрғын және бір бала. Жарылыстан зардап шеккен бала санавиациямен Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілген болатын. Алайда дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады.

11 қазанда Арыс маңындағы полигонда оқ-дәрілердің жиналған бөлшектерін жою жұмыстары кезінде әскери бөлімнің инженерлік қызметінің бастығы көз жұмды.



sputniknews.kz