Қордайдағы жанжал кезінде 8 адам қаза болды

0

Жамбыл облысы Қордай ауданында болған жанжалдан сегіз адам қаза болды деп хабарлады ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

— Ондаған адам жарақат алды, сегіз адам көз жұмды, — деді министр 8 ақпан күнгі брифинг кезінде.

Оның айтуынша, екі полицейге оқ тиіп, жараланған. 30-дан астам үй, 15 сауда нысаны қираған, 23 көлік бүлінген.

— 47 адам полиция бөліміне жеткізілді, екі аңшылық мылтығы тәркіленді, — деді министр.

Ол «барлық кінәлілердің жауапқа тартылатынын» айтты. Қазіргі кезде жанжал болған елді мекендерді полиция бақылап тұр. Министр жағдайдың тұрақтанғанын айтады.

Ақпанның 7-сі күні Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи ауылында тұрғындар арасында жанжал болды. Жанжалдың неден шыққаны әзірге белгісіз. Полиция «Бұзақылық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізе бастады.

8 ақпанға қараған түні полиция жанжал болған аумақты қоршап, ол жаққа ешкімді өткізбеді.

Azattyq