Қордайда жанжалға байланысты қамалғандар бостандыққа шықты

0
16

8 ақпанда кешке Қордай ауданындағы жанжалға байланысты ұсталғандар босатылып, тұрғындар үйлеріне тарқады деп хабарлады оқиға орнында болған Азаттық тілшілері. Күндіз мұнда Масаншы мен Қаракемер ауылының ортасына 150-200 адам жиналып, қамаудағыларды бостандыққа шығаруды талап еткен еді.

Жамбыл облысының әкімдік өкілдері Қордайдағы изолятордан – 47 адам, Ауқатты ауылынан 36 адамның бостандыққа шыққанын хабарлады. Ауыл тұрғындары да Азаттық тілшісіне биліктің сөзін растап «адамдарымыз түгел, бәрі шықты» деді.

Дегенмен бостандыққа шыққан азаматтардың санына байланысты жергілікті БАҚ-та өзге де дерек айтылады. Tengrinews-дің жазуынша, 8 ақпанда кешке қарай Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов жанжалға байланысты Қордайда – 47, Ауқатты ауылында – 44 адам ұсталған, олардың барлығы жанжалға қатысы болмағандықтан босатылды деп мәлімдеген.

Бұған дейін ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қордай ауданындағы жанжалға байланысты 47 адам ұсталды деп мәлімдеген.

8 ақпан күндіз жұрт наразылығынан соң билік 47 адамның бәрін босатуға келіскен кезде Қаракемер тұрғындары көрші Ауқатты ауылында да 40-тан астам адамның қамауда отырғанын айтып, оларды да босатуды талап еткен еді. Ауқатты ауылындағы «қамалғандар жайлы ақпарат» сол кезде белгілі болған.

Видео: Тұрғындар қамалғандарды босатуды талап етті (8 ақпан 2020 жыл).

Ақпанның 7-сі күні Жамбыл облысы Қордай ауданындағы бірнеше елді мекенде тұрғындар арасында жанжал болды. Ішкі істер министрлігі 8 адамның өлгенін, 40-тан астам адамның жарақаттанғанын хабарлады. Полиция «Адам өлтіру» және «Тәртіпсіздік ұйымдастыру» бабы бойынша қылмыстық істер қозғады.

Оқи отырыңыз: Өртенген үйлер, арнайы жасақ. Қордайда не болды?

Azattyq