Қордайда тұрғындар қамаудағы азаматтарды босатуды талап етті

0

8 ақпанда күндіз Масаншы мен Қаракемер ауылының ортасына тұрғындар жиналып, кеше ұсталған адамдарды түгел босатуды талап етті. Наразылардың саны шамамен 200-ге жуықтайды. Тұрғындарға қарама-қарсы жақта олардың әрекетін каска киіп, қалқан ұстаған омон жасақтары бақылап тұрды.

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов бірнеше рет келді. Екінші келгенінде Қордайда қамауда отырғандар түгел босатылды деді. Бірақ Қаракемер тұрғындарының сөзіне қарағанда, Қордайда қамауда отырған 40 адамнан өзге көрші Ауқатты ауылында тағы 47 адам бар, оларды да босату керек деп тұр. Ал әкімдік қамауға алынғандардың бәрі — 47 адам дейді.

Ақыры әкімдік ұсталғандарды босатып, Қаракемер тұрғындарының алдына әкелуге уәде берді. Осы талап орындалса тараймыз деді жұрт.

Видео: Тұрғындар қамалған азаматтарды босатуды талап етті (8 ақпан 2020 жыл)

Ақпанның 7-сі күні Жамбыл облысы Қордай ауданындағы бірнеше елді мекенде тұрғындар арасында жанжал болды. Билік 8 адамның өлгенін, 40-тан астам адамның жарақаттанғанын хабарлады. Полиция «Адам өлтіру» және «Тәртіпсіздік ұйымдастыру» бабы бойынша қылмыстық істер қозғады. 8 ақпанға қараған түні полиция жанжал болған аумақты қоршап, ол жаққа ешкімді өткізбеді.

Оқи отырыңыз: Өртенген үйлер, арнайы жасақ. Қордайда не болды?

Azattyq