Қордайда қарияны ұрған күдікті міндетті түрде сотқа тартылады — ІІМ — Қазақстан жаңалықтары

0

ҚР ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қордай ауданында ақсақалды соққыға жыққан азамат абақтыда екендігін жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Қордай

 

«Полиция қызметкеріне қол көтеру, жағасынан алу — Қазақстанда ғана емес, дүниежүзінің қай елінде болмасын қылмыстың үлкені. Біз оны көрдік, сол қылмыс жасағандар табылды ма? Оларға іс қозғалды ма? Екіншіден, қай халықта болмасын жасы үлкен адамға, ақсақалға қарсы сөз сөйлеу, жаман сөз айту жақсы емес. Бұл мәселе әлеуметтік желіде көп талқыланды. Осы ақсақалға (Қордай ауданында) қол көтерген адамдар табылды ма? Табылса, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды ма?», — деп сұрады парламент сенаты халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед ҚР ІІМ басшысынан.

Тұрғымбаев қазіргі таңда Қордай ауданындағы ауылдарда жағдай тұрақталғанын ескеріп, қарияға қол көтерген азаматқа қатысты тергеу амалдары жүргізілуде екендігін жеткізді.

«Біздің полиция қызметкерлеріне қол көтерген үш адам анықталып, қамауға алынды. Ақсақал бойынша мәселеге тоқталсақ, бұл іске қатысты азаматты ұстадық. Ол адам екінші күні ұсталды, қазір қамауда отыр. Атап айтқанда, медициналық сараптама біткеннен кейін, істі екі-үш аптадан соң сотқа жібереміз», — деді министр.

Еске салайық, бұған дейін Қордайда ақсақалды соққыға жыққан күдіктілер ұсталғаны жайлы айтылған еді. Жәбір көрген қарияның өзі ауруханадан шығарылыпты. 

 

 

 

stan.kz