Қордай ауданындағы қақтығыстар: Сапарбаев аталған жайтқа сапасыз білім жүйесі мен мектеп директорларын кінәлады — Қазақстан жаңалықтары

0

Білім беру саласының қызметкерлерімен кездескен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мектеп директорларын сынға алды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Сапарбаев

«Оқу орындарының кейбір басшылары «Менің мектебім», «менің ұстаздарым», «менің шәкірттерім» деген сияқты  тіркестерді  қолданып, өздерін ұйымдастырушы емес, меншік иесі секілді сезінеді. Мектеп-мемлекеттікі, ал директор – ауысып отыратын басқарушы тұлғалар болуы тиіс. Директорлар біртіндеп өздеріне керекті байланыстар арқылы өсіп отырады, ақыр соңында ол сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға алып келеді. Жұмысқа орналастырғаны үшін директор мұғалімнен ақы алса, одан сапалы жұмысты қалай талап етеді? Ол мұғалім өз шығындарын ата — аналар арқылы қайтара бастайды, сыбайлас жемқорлық тізбегі осылай жалғаса береді», — деп атап өтті аймақ басшысы., — деді облыс әкімі.

Өз сөзінде Бердібек Сапарбаев мектептегі барлық жағдай тікелей оқу орнының басшысына байланысты екендігін атап өтті. 

«Егер директор адал жұмыс істеп, мектептегі білім берудің тәртібі мен жоғары деңгейін қамтамасыз етіп отырса, бұл жағдайда басшыны ауыстыру мәселесін жүргізу міндеттелмейді. Тәрбие негізі  отбасы және мектептен басталады, алайда соңғы уақытта осы әлеуметтік институттар арасындағы өзара байланыс үзілгендігі жиі айтылып жүр. Ата-аналар комитеті іс жүзінде жұмыс істемейді, ал педагогтар инертті ұстанымға ие. Бала тәртіп бұзған жағдайда ата-аналарға шағымдана алмайды», — деді Бердібек Сапарбаев өз сөзінде.

Облыстың 40 мың педагогының алдындағы басты үш міндетті атаған аймақ басшысы білім, тәрбие және тәртіп беру жұмыстарын  күшейтуді тапсырды.

Бұған қоса ардагер-ұстаз Камилаш Ахметова қазіргі кезде мұғалімдердің мақсаты өзгергендігін тілге тиек етті. 

«Кейінгі кездері мұғалім үшін ең басты мақсат – көп сағат алу. Тезірек сабағын беріп, үйге кетуге асығады. Ал балалардың сапалы білім алуы үшін кім жауапты? Дұрыс тәрбие мен білімге ден қоймаған жеткіншектер түрлі құқық бұзушылықтар жасайды! Біз бұл орайда ұлттық дәстүрлерді, дала философиясын, Абай мен Шәкәрім еңбектерін негізге алу керекпіз», — деді білім беру ардагері Камилаш Ахметова.

Аймақ басшысы спорт залдары мен білім беру және Мәдениет нысандары барлық жергілікті тұрғындар үшін,  әсіресе жастар үшін  қолжетімді болу керектігін баса айтты. Кездесуді қорытындылаған Бердібек Сапарбаев жауапты тұлғаларды  БАҚ пен әлеуметтік желілердегі сыни ескертулерге жедел әрі мұқият ден қоюға шақырды.

stan.kz