Қордай ауданында полицияға қол көтергендерді тергеу аяқталды

0

Жамбыл облысы, Қордай ауданында жол полициясы қызметкерлеріне қол көтергендерді тергеу аяқталды. Бұл ақпаратты бүгін бас прокуратура хабарлады.

Бас прокуратураның мәліметінше, 2020 жылдың 7 ақпанында Жамбыл облысы Қордай ауданы Сортөбе ауылында жол полициясы жергілікті тұрғын Л. Воингуй мінген «Хонда Одиссей» автокөлігін тоқтатқан. Көлік құжаты болмағандықтан жүргізуші Л.Воингуйді полиция бөліміне апармақ болған.

Алайда, ол полиция талабына бағынбай, үйіне кетпек алған және ағалары А. Воингуй және М. Воингуймен бірге полиция қызметкерлеріне қол көтеріп, жанжал шығарған.

— Қылмыстық кодекстің 380-бабының 1-бөлігі (билік өкіліне күш қолдану) бойынша тергелді. Үш айыпталушы кінәларын толық мойындап, қамауға алынды,- дейді Бас прокуратура.

Қылмыстық іс 14 ақпанда Қордай аудандық сотына жолданған.

Бұған дейін, 12 ақпанда Қордайдағы жанжалға байланысты мәлімдеме жасаған бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев бірнеше адам «ұлтаралық араздық қоздырды, күш қолдануға шақырды» деген күдікке ілінгенін, үстерінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған болатын.

7 ақпан кешке Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи, Ауқатты, Сортөбе ауылдарында жергілікті қазақтар мен дүнгендер жанжалдасып, ресми дерек бойынша, 11 адам қаза болған. 185 адам зардап шегіп, 40-тан астам адам жараланған. 39 тұрғын үй, 20 сауда орны, 47 көлік өртенген. 7-13 ақпан аралығында Қордай, Қарасу, Ауқатты, Сортөбедегі бақылау өткізу пунктінен Қырғызстанға 23 131 адам өтіп, 21 261 адам қайта келген.

Этникалық конфликт басталар алдында әлеуметтік желіде түрлі ұрандар айтылған видеолар жарияланған. Соның бірінде Қордай ауданы ауылдарының бірінде жол полициясы қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар арасында жанжал болып жатқаны көрсетілген.

Azattyq