«Қор болдым»: Белгілі қазақ әндерінің авторы көшеде түнеп жүр
Әлеуметтік желіде танымал әндердің авторы Арман Қайназаровтың «бомжға» айналған видеосы тарады. Видеодан кейін жомарт жандардың оған көмектескені белгілі болды.
Арман Қайназаров видеода Қарақат Әбілдина, Лұқпан Жолдасов, Абай Бегейге ән шығарғанын айтады.
«Қазалыдан боламын. Руым – Әлім. Қор болдым», — дейді ол.
Қызылордалық ақын Есет Табынбаев бұл туралы өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.
«Әңгімесіне қарасаң, өнерден кенде емес, көптеген әннің авторы екен. Басқа емес, Қазалының тумасы. Тағдыр деген сан бұралаңды дүние екенін есейген сайын көріп келеміз ғой. Мына бауырымыз сол тар жолда тайып кетіпті. «Үйіме баруға ұяламын» деп отыр. Өзін тастап жібергенімен, бастысы, ар-намысын, ұятын тастамапты. Танитын кісілер, ағайын-бауыры болса, қолтығынан сүйеп жіберсе, аяғына тұрып, көптеген әннің авторлық құқығын алса, әжептәуір азамат, шығармашылық адамы болып та кетер ме еді?!» — деп жазды ол.
Арман Қайназаровтың орындаған әндері осыдан он шақты жыл бұрын YouTube желісіне жүктелген.
Бүгін Есет Табынбаев Арман Қайназаровқа жомарт жандар көмектескенін жазды.
«Шіркін, қазақтың кеңдігі мен елдігі, дархандығы мен қонақжайлығы ерекше ғой. «Әлемді мейірім сақтайды» дегенді жиі естуші едік. Сол рас екен. Кешегі қазалылық азамат Арман Қайназаровты жігіттер тауып алып, қол ұшын созған екен.
Үмітсіз шайтан ғана. Келешекке деген талпынысы мықты болып тұр. Қолтығынан сүйеген, орнынан тұруға демеп жатқан азаматтарға Алла сауаптан жазғай. Десе де, бір адамның тағдырына немқұрайлы қарамай, жан-жақтан сұрастырып, адами асылдығын білдіріп жатқан ағайынға алғаусыз алғыс айтамын. Азаматтық ары мүлгімей, шерлі қоғамның шекарашысындай болып тұрған Әлімжан Жарылқағанов, Қаныбек Әбдуов, Назерке Сәниязова сынды аға-апаларыма тек жақсылық тілеймін», — деп жазды ол.