Қоқыстан қажетті зат өндіріледі
Кәсіпорын күніне 8 сағат жұмыс істегенде жылына 40 мың тонна қоқысты іріктеп, өңдейді. Ал оның қуаты артып, үш ауысымдық жұмыс күніне көшкенде жылына 120 мың тонна қоқыс тазартып, игере алады. Зауыт толық қуатына үш сатылап қосылатын болады. Әзірге кәсіпорынның алғашқы желісі салтанатты түрде іске қосылды. «Eko siti kz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жандос Жақсыбаевтың айтуынша, келесі жылдың басында зауыттың екінші сатысы, яғни қоқысты тазарту, жуу желісі іске қосылады. Үшінші сатысында шикізат ретінде пайдаланылатын пластик түйіршіктерін өндіретін болады.
– Бұл – біздің облыс үшін бірегей жоба. «S.M.F. – Sistem» тоқымасыз материал фабрикасының әлеуеті үлкен, олар бізден инфрақұрылым жасауға көмек сұрап отыр. Бұл бізді қуантады, демек компанияның жоспары ауқымды деген сөз. Біз оған барлық жағдайда көмек беретін боламыз. Сонымен қатар қоқыстың өңделуі қоршаған ортаның экологиясын жақсартады, бұл да жақсы нышан, – деді зауыттың салтанатты іске қосылуына қатысқан облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Бұл жобаның алғашқы желісінің құны 300 миллион теңгені құрады. Қоқыс өңдейтін зауыт өзінің құрылтайшысы «S.M.F. – Sistem» тоқымасыз материал фабрикасын шикізатпен қамтамасыз ететін болады. Қайта өңделген қоқыстан фабрика 80 түрлі зат өндіреді. Оның арасында газға, суға, кабельге, тағы басқа да қажетке пайдаланылатын құбырлар, тасжол төсеніші секілді жаңа технологиямен өндіріске пайдаланылатын материалдар да бар. Қоқыс өңдеу кешенінің барлық сатысы іске қосылуға дейін 3 миллиард теңге жұмсалады. Оның екі миллиард теңгесі жеке қазандық орнатуға пайдаланылады.
– Қазандық салынатын болса, керекті жылу тарифін 40 пайызға арзандатар едік, – дейді «S.M.F. – Sistem» тоқымасыз материал фабрикасының директоры Марат Сәдуақасов. Жаңа ірі жоба қоқысты тасушы, іріктеп, тазалаушы және одан жаңа заттар жасап шығарушы үш компанияның консорциум құруы арқылы жүзеге асырылмақ. Марат Фазылжанұлының айтуынша, мұнда негізінен пластик пен полиэтиленнен жасалған шөлмектер, қалталар секілді қоқыс түрлеріне көңіл бөлінеді. Өйткені тоқымасыз материал фабрикасы осы қоқыс түрлерін екінші рет өңдеумен айналысады. Олар осы күнге дейін шикізатты сырттан сатып алып отырды. Егер қоқыс сапалы тазартылып, өздеріне қажетті шикізат алып отырса, фабрика қуаты Қазақстандағы барлық осындай қалдықтың жартысын өңдеуге жетеді. Қоқыс тазартатын жаңа кәсіпорын әзірге жылына 40 мың тонна қоқыс іріктеп, тазартатынын айттық. Соның тоқымасыз материал фабрикасы шикізатқа алатын 1200-1500 тоннасы пластик заттар болады екен. Олар алдағы уақытта бұл көрсеткішті 2800 тоннаға жеткізуді ойластырып отыр. Әзірше фабрика барлық шикізаттың 30 пайызын бәрібір сатып алуға мәжбүр. Алдағы уақытта металл, ағаш, қағаз секілді басқа да заттар өңделетін болады. Ал улы, қауіпті қалдықтар Қарағандыдағы арнайы кәсіпорынға жіберіліп, өртеліп, жойылады.
Қоқысты жойып, айналаны тазарту және оны өңдеу қазір өзекті мәселенің бірі. Бұл орайда Марат Сәдуақасов жапондықтардың тәжірибесінен үйрену қажеттігін айтты. Ол үшін қалалар мен ауылдарда арнайы орындарға қоқыстарды іріктеп салатын контейнерлер қою қажет. Тоқымасыз материал фабрикасы контейнерлердің үлгісін де жасап көрсетіп қойыпты.
– Қоқыстарды іріктеп жинау тәжірибесін енгізу үшін ең алдымен тұрғындардың санасы көтерілуі, әдетке айналдыруы тиіс. Оған да бірте-бірте келерміз. Қоқыс іріктеліп жиналса, оған жұмсайтын қаржы шығыны азаяды, айнала тазарады, одан күнделікті пайдаланатын және өндіріске қажетті екінші рет өңделген заттар өндіріледі. Пайдадан басқа зияны жоқ, – дейді Марат Фазылжанұлы.
Адамзатқа қоқыстың қасында өмір жоқ. Сондықтан Қостанайда іске кірісіп жатқан жаңа кәсіпорынның болашағы үлкен.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ
Дереккөз: http://egemen.kz/