Қоқыс полигонындағы өрт толық сөндірілді

0

Қазақстанның ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі 18 мамырда кешке Алматы маңындағы қоқыс полигонында бықсып жанған қалдықтардың толық сөндірілгенін хабарлады.

Баспасөз қызметінің дерегінше, бірнеше күннен бері бықсып жанған, бір гектар аумаққа жайылған қалдықтарға су мен топырақ шашылған.

«Үш күннің ішінде су ағызу құрылғылары бар КА-32 және МИ-8 тікұшақтары 840 текшеметр су шашып, арнайы техника үш мың текше метр жерге топырақ төседі» деді сенбі, 18 мамырда комитеттің баспасөз қызметінің өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов.

Оның айтуынша, қалдықтарды жою жұмысына 148 адам, 97 техника қатысқан.

Мамырдың 16-сы күні түнде Алматы облысы Қарасай ауданы Әйтей ауылы маңындағы қоқыс полигонынан өрт шығып, қаланы түтін иісі басты. Әлеуметтік желі қолданушылары өртке байланысты ресми ақпараттың уақытылы тарамағанын айтып, билікті сынаған еді. Кейбір азаматтар ауаға зиянды заттардың көп тарағанын айтып, алаңдады.

16 мамырда Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті «ауада зиянды заттардың жоғары мөлшері» анықталмағанын хабарласа, Алматының ауа сапасын бақылайтын тәуелсіз жоба авторы Facebook парақшасында азаматтарды «аса қажеттілік болмаса көшеге шықпай, терезені жауып үйде отыруға» кеңес берген еді.

Тәуелсіз экологтар дерегіне жиі жүгінетін, Алматы қаласы ауасының ластану деңгейін өлшейтін airkaz.org жобасы 16 мамыр күні қалада зиянды заттар мөлшерінің қалыпты шамадан өте көп екенін (133-ке дейін жетті, неғұрлым жоғары болса, соғұрлым зиянды заттар көп) көрсетіп тұрды.

Кейінірек «Қазгидромет» қоқыс полигонындағы өртке байланысты қала ауасының ластанбағанын мәлімдеді.

Төтенше жағдайлар комитеті бұған дейін полигонның өз-өзінен өртенген болуы мүмкін екенін хабарлаған.

Azattyq