«Қонақжай ел екен». Рамазан Амантай «Африкадағы қазақша бизнес» туралы

0

Нұрлан Қоянбаевтың продюсерлігімен түсірілген “Қазақша бизнес” туындысы бүгінде еліміздегі табысты картинаға айналып отыр. Рамазан Амантай фильмнің үш маусымында да басты рольдердің бірінде ойнайды. 

– Нұрлан ағамыздың тобына ешкімнің демеуінсіз, кастинг арқылы келдім. Еркеш Хасен есімді досым сілтеме беріп, “сен барып көрші” деп айтқан соң видеобайқауларына қатысып көрдім. Осылайша 11-сыныпты аяқтап жатқан кезде өміріме жаңалық болып керемет жоба келді. Бір емес, үш “Қазақша бизнес” фильміне түсу бұйырды. Жалпы, кино әлеміне келуіме әкемнің қас-қабағы себеп болды. Ең бірінші, кастинг деген дүниені естігенде: “қайдағы кастинг, бармаймын ешқайда”, – деп байбалам салғанымда әкем қабағын бір түйді. Содан әкемнің жетегімен кино әлеміне қалай түскенімді байқамай қалдым. Дебют ролімді 2011 жылы 11 жасымда “Айналайын” сериалында  ойнадым.

Актер басында Африкаға баруға жүрексініпті. “Әкем мен барсакелмеске кетіп бара жатқандай, әуежайда жылап шығарып салды”, – дейді.   

– Жаман аурулардың белең алып отырған жері, жан-жағың қауіп-қатер болған соң қорықтым. Әкемнің өзі әуежайда жылап шығарып салды. Десе де, Нұрлан Қоянбаевтың жоғары деңгейде ұйымдастыруының арқасында өзімізді Қазақстанда жүргендей сезіндік. Енді “Африкада болған түсірілім маған не берді?” деген сұраққа келер болсақ, біріншіден, тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік алдым. Екіншіден, қара құрлыққа ғашық болдым. Негізі мұның алдында “Америкадағы қазақша бизнес” фильмі өміріме өзгеріс алып келген әрі ересек адам сияқты жұмыс істеуді үйреткен жоба болды.

2017 жылы “Америкадағы қазақша бизнес” Қазақстанның кино тарихындағы ең кассалы картина атанса, “Африкадағы қазақша бизнес” аталған рекордты екі аптаның ішінде жаңартты.

Рамазан Амантай
Рамазан Амантай мен Нұрлан Қоянбаев. Фото: жеке архивінен

“Африкадағы қазақша бизнес” – осы құрлықта түсірілген алғашқы қазақстандық фильм. Актер Африканың табиғаты, халқының мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігі туралы айтты. 

–  Түсірілім Кения астанасы Найробиде өтті. Африка рухани демалыстың құрлығы екен. Шыны керек, теледидардан көріп жүрген әлемге тап болдық. Көшелерде емін-еркін маймылдар отырады, жылқы жайылып жүргендей зебралар жүреді, жан-жағыңда еліктер, бәрі бізге таңсық жан-жануарлар дегендей. Түсірілім 23 күнге созылды. Африка құрлығына Мысыр да жатады ғой. Осы күнге дейін Мысырда түсірілген фильмдер көп. Бірақ Африканың өзінде түсірілген Голливудтың бес-ақ киносы, ал ТМД мемлекеттері бойынша бір-екеуі ғана бар екен. Осы орайда Нұрлан Қоянбаев ағамыздың батылдығын, тәуекелшілдігін атап өту керек. Өйткені продюсердің қазақ киносын жаңа деңгейге көтерді деп ойлаймын. Ұжымда Нұрлан Қоянбаев, оператор Азамат Дулатов, режиссер Жеңісхан Момышев, Әнуар Матжанов сияқты мықты мамандар жұмыс істеді.

Кениялықтармен қазақтар арасында ұқсастық бар. Мысалы, кениялықтар біз сияқты шайды жақсы көреді. Өте қарапайым, бауырмал, қонақжай, қазақтар сияқты жуас халық. Түсірілімнің соңында кениялықтар “сендер секілді жомарт, керемет халықты көрмедік” деп қимай қоштасты.

Еркоштың шынайы кейпі, комедиялық образы көрерменнің көңілінде ерекше қалды. Актерды экрандағы болмысына қарап, қалжыңбас деп ойласақ, “өмір сүру салтым кейіпкеріме ұқсамайды”, – дейді ол.

– Актер Джим Керри “Күліп жүретін адамның күлкісінің астында үлкен мұң жатыр” дейді. Әркімнің өз мұңы бар. Айтқым келгені – мен өмірде бөлекпін. Еркош образы табиғатыма келеді деп те, келмейді деп те айта аламын. Өмір сүру салтым кейіпкеріме ұқсамайды.

“Мен өлемін өзімнің биігімде” деп Төлеген Айбергенов айтқандай, әркімнің өз биігі болады. Кез келген маман иесі әлемге танымал болуды армандайтын шығар. Менің де арманым – әлемді бағындыру. Бала кезімнен патриот болып өскен соң қара басты ғана ойлап өмір сүру өкініш деп білемін. Өз саламды, елімді әлемге танытуды армандаймын.

Рамазан Амантай
Рамазан Амантай мен Қажет Смағұл. Фото: жеке архивінен

Жігітке жеті өнер де аз. Рамазан бала күнінде суретші болуды армандаған, бүгінде – актер. Ал оның ақын, дубляж жасаушы екенін көбі біле бермейді. “Жан дүнием осылардың ішінде ақындықты мойындайды”, – дейді ол. 

– Бес жыл бұрын мүмкін емес болып көрінген дүниелер күнделікті әдетке айналып кетті. Өнер адамдарымен етене араласып, кино әлеміне толық бет бұрдым. Әнге сөз жазатын болдым, яғни ақындық өнерімді көрсете бастадым. Төреғали Төреәлі, Ернар Айдар, Қуандық Рахым, Ғаділбек Жанай, тағы басқа өнер адамдарымен шығармашылық байланыс орнаттым. Өмірзақ Махамбетов есімді композитор досым екеуіміз ағаларымызға әндерімізді ұсынып жүрміз. “Меломан” тобының орындауында “Мектепке сағыныш”, “Махаббат анықтамасы” деген, Төреғалидің орындауындағы жарыққа шыққаны мен шықпағанын қосқанда 15-тен аса әнім бар. Мысалы, “Беу, беу”, “Жан жарым-ау, “Сағындым сені”, тағы басқа.

Дубляж саласында азды-көпті тәжірибем бар. “Күлтегін” мультфильмін көрген кезімде оның Голливуд анимациясынан еш кем түспейтінін байқадым. Мультфильмде Білге қағанның бала кезін дыбыстадым. Дубляждағы тәжірибем көп болмаса да, бұл дыбыстаудан ерекше ләззат алдым. Менімен бірге досым Әлихан Байсұлтанов дыбыстауға қатысты. Ол Күлтегінді дыбыстады. Бұл – дубляж саласындағы алғашқы қадамым.

3-сыныптан бастап домбыра тарттым. Сол кезден бастап алыс-жақын шетелдерге шығып, қазақтың қара домбырасын танытуға мүмкіндік алдым. Айтысқа да қатысып көрдім. Суретші болуды да армандадым. “Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді” дегендей, қазіргі уақытта бір-екі саланың үздігі болсам да, жетеді деп ойлаймын.

Рамазан Амантай өнерде кімді үлгі тұтады?

– Бекжан Тұрыстың өнерге деген тазалығына таңғаламын. Бір күні ағамыздан “Киноға неге түспейсіз?” деп сұрағанмын. Ағамыз “Шақыртулар болады. Бірақ менің жерім – осы киелі қара шаңырақ, театр” деп жауап берген, яғни Ыдырыс Ноғайбаев сияқты асылдардан қалған ізді өшірмеу.

Бірде бір кісі Шынберген Сүлейменовке “әндеріңіздің бәрін әйеліңізге қарап шығарасыз ба?” десе, “жоқ, көшеде бір қызға ғашық болып қаламын да, үйге келіп, әйеліме қарап шығарамын” деген екен. Сол сияқты шығармашылық шабытты махаббаттан аламын. Кейде өзімді қинап өлең шығарайын десем де, ештеңе шықпайды. Жас болған соң ба, өлеңдерімнің көбі махаббат туралы.

Рамазан
Рамазан Амантай. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Кейіпкеріміз кітапты көп оқитын болып шықты. Бұл жағынан ол өзге өнер өкілдеріне ұқсамайды. 

– Оралхан Бөкейдің “Ұйқым келмей” атты кітабы қатты ұнайды. Соңғы оқыған кітабым – Бексұлтан Нұржекеевтің таңдамалы шығармалары. Мамандығым бойынша кітапханашымын. Мемлекеттік грант бойынша оқуға түстім. Меніңше, кітапханашы болудан қысылудың қажеті жоқ.

Өзі туралы тағы біраз мәлімет

1998 жылы 28 желтоқсанда Талғарда дүниеге келдім. Үйдің үлкенімін. Өзімнен кейін қарындасым мен екі інім бар. Анам Роза Есбосынова Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясын бітірген. Мамандығы – күйші, домбырашы. Əкемнің есімі – Болат, мамандығы – экономист. Бала күнімде Қытай, АҚШ, Испания, Италия, Франция, Бельгия жəне Германия сияқты елдерге барып, домбырамен өнер көрсеткенмін. Əлемдік мəдени мұраларды сақтау мақсатында құрылған ЮНЕСКО клубының мүшесімін. “Ортеке” күйін қазақ халқының ерекше мәдени мұрасы ретінде əлемге танытуда көп еңбек еттік. Қазіргі күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студентімін.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz