Қонаев неге еңкілдеп жылап жіберді?
Леонид Брежневтің тұсында барлық құзырлы мекеме қабырғаларында КОКП ОК Саяси бюро мүшелерінің қаздай тізілген портреттері ілініп тұрушы еді. Қазақ үшін қасиетті сан – жетінші болып Дінмұхамед Қонаевтың суреті қасқайып қарап тұратын. ССРО дейтін алып мемлекетті уысында ұстап тұрған 27 саяси көсемнің ішінде 7-ші болып алып қазақтың тұрғанын мақтаныш тұтып, арқамызды тауға тірегендей айбарланып қалатынбыз.
1986 жылы 11-желтоқсанда өткен Қазақстан КП ОК Саяси бюросының мәжілісінде Дінмұхамед Қонаевты зейнет демалысына шығуына байланысты қызметтен босату туралы шешім қабылданғаны, ал 16-желтоқсанда өткен Пленумда Қонаевтың орнына Г.В.Колбиннің ұсынылғаны белгілі. Қонаев іле-шала үйқамаққа алынды. Десе де, жарты жылдай өзі жиырма жыл мүшесі болған КОКП ОК Саяси бюросының заңды мүшесі және Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бюро мүшесі болып қалды.
1987 жылы 26-маусымда Мәскеуде өткен КОКП ОК-нің Пленумында Қонаевты КОКП ОК Саяси бюро мүшелігінен босату туралы мәселе қаралады. Ол үшін, әрине, біраз кісілер жоғары мінберде Қонаевты жер-жебіріне жетіп, жамандауға тиіс болатын. Кремль ол үшін біраз адамдарды астыртын дайындайды. Соның бірі –Алаштың айтулы ақыны, дәл сол кезде Қарақалпақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы әрі Өзбекстан Компартиясы Орталық комитетінің бюро мүшесі болып тұрған Кәкімбек Салықов еді. Кәкімбек ағаны алдымен КОКП ОК-нің хатшысы Егор Лигачев шақырып алып, Пленумда «Қонаевты жамандап сөйлейсің» деген тапсырма береді. Бірақ өмір бойы ар жолын ұстанып өткен Кәкімбек аға Лигачевтің ұсынысына көнбей, мінбеде сөйлеуден бас тартады. Қарақалпақстанның Өзбекстанға қарайтыны белгілі. Сірә, Лигачев «қол астыңдағы адамды қалай да көндіресің» деген болу керек, Өзбекстан КП ОК-нің 1-хатшысы Усманқожаев Кәкімбек ағаны шақырып, Қонаевты жамандауға тапсырма береді. Бұл жолы да Кәкең тапсырмадан бас тартады.
Сонымен, Мәскеуде 26-маусымда Пленум басталады. Меңдібаев, Мұқашев, Камалиденов секілділер, әрине, Қонаевты бас салып жамандайды. Жер-жебіріне жетеді. Залдың үшінші қатарында отырған Кәкімбек Салықовтың арт жағына жайғасқан Қонаев ішінен күйзелсе де, сыртқа сыр білдірмей үн-түнсіз тыңдап отырады. «Бәрінен бұрын мені мінбеде өлтіріп тұрып сынайтын алдымда отырған Кәкімбек қой» деп, қатты күдіктеніп отырады. Кезінде шахта бастығы болып тұрған қырық жастағы Кәкімбек Социалистік Еңбек Ері атағына ұсынылғанда, «әлі жассың ғой» деп, Ленин орденін бергізгені есіне түседі. Талай жыл Мәскеуде Орталық Комитеттің инспекторы қызметінде жүрген Кәкімбектің Қазақстанға сұранғаны, бірақ өзінің республикаға шақырмағаны, жоғары қызмет ұсынғысы келмегені есіне түсіп, Қонаевтың іші алай-түлей болады. Бірақ…қатты күдіктенген адамы Кәкімбек Пленумда бір ауыз сөз сөйлемейді. Осы Пленумда КОКП ОК-нің Саяси бюро мүшелігінен босатылған Қонаев, үзіліске шыққанда Кәкімбек Салықовты құшақтап, бетінен сүйіп тұрып: «Кәке, мені кешірші, сен сөйлегеніңде, мен осы арада тіл тартпай кететін едім, аналардың сөйлегені маған шыбын шаққан құрлы әсер еткен жоқ. Осылар осыдан бес-алты жыл бұрын маған сені дәл осылай жамандағанда, мен соған сеніп едім. Кешір!» деп еңкілдеп жылап жібереді.
«Мені Кәке демеңіз, Кәкімбек деңіз, мен сізден жиырма жас кіші балаңыздаймын ғой. Сіз менің ұстазымсыз, ұстазымды қалай жамандаймын» дейді ақын. «Жоқ, Кәке, сен білдей бір республиканы басқарып отырған адамсың, сондықтан Кәке деймін» деген Қонаев осындай арлы азаматқа өз елімізде жоғары қызмет бермегеніне қатты өкініш білдіріпті.
Төреғали ТӘШЕНОВ